Шымкентте жыл соңына дейін кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 54%-ға жетеді

0
452

Кәріз жүйелері бойынша биыл 13 нысанның құрылысы басталған.


Шымкентте жыл соңына дейін кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 54%-ға жетеді

Шымкент қаласында кәріз жүйелері бойынша биыл 13 нысанның құрылысы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке биылғы жылдың алты айында атқарылған жұмыстар туралы есепті баяндамасында қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Болатбеков мәлімдеді.
Канализациялық жүйелердің құрылысы жөнінде ақпар берген басқарма басшысы осы бағыттағы ауқымды жобалардың бірі – Арғынбеков көшесінің бойымен Жібек жолы көшесі арқылы №2 коллекторға дейінгі аралықтағы канализациялық коллектордың құрылысы екендігін атап өтті. Жалпы ұзындығы 12,9 шақырым болатын жобаның құрылысы бүгінгі күні 40 пайызға аяқталған. Ішкі кәріз жүйелері бойынша 11 жаңа нысанның құрылысы басталып, жыл соңына дейін қала шағын аудандары мен тұрғын алаптарының кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші 54 пайызға жеткізілмек.
Жұмыс көрсеткіштерімен мұқият танысқан қала басшысы М.Әйтенов құрылыс жұмыстарын күзгі маусымға қалдырмай мерзімінен бұрын аяқтау үшін жұмысшылар санын арттыруды, өндірістік кестені қайта қарап, бекітуді тапсырды. Жобаны іске асыруда қолданылып жатқан құбырларды лабораториялық бақылаудан өткізуді ұйымдастырып, жаңа коллекторлық жүйені шайынды судың көлемі артатын күзгі кезеңде сынақтан өткізу мүмкіндігін қарастыруды жүктеді.