Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханада науқастарға қолайлы жағдай жасалып жатыр

0
538

Бас дәрігердің айтуынша, ауруханада өткен жылдары бірқатар заңсыздықтар орын алған.


Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханада науқастарға қолайлы жағдай жасалып жатыр

Бүгін Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай медициналық қызметтің сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде брифинг өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бас дәрігердің айтуынша, ауруханада өткен жылдары бірқатар заңсыздықтар орын алған. Қазіргі таңда мекемеде тәртіп орнатылып, кінәлілер жұмыстан шығарылып, науқастарға қолайлы жағдай жасалған.

Біз ауруханада аутсорсинг арқылы науқастарға нашар тамақ беріп келген компаниямен келісімшартты бұзып, асханада құнарлы тамақ берілуіне қол жеткіздік. Сондай-ақ, медициналық көмектің тегін кепілдендірілген көлемі шеңберінде науқастарға берілуі тиіс дәрі-дәрмектер өнім беруші тарапынан толық көлемде жеткізілмеген. Жеткізуші компаниялар жауапты қызметкерлермен сыбайласып, жалған құжаттарға қол қойғызып алып отырған. Біз дәрі-дәрмектердің айналымын 1С бағдарламасы арқылы жүргізуді қолға алдық. Дәрі-дәрмек қоймаларына, оның кіреберістеріне, жалпы аурухананың көп жеріне бейнекамералар орнаттық, – дейді Абылай Донбай.

Нейрохирургия бөлімінің бұрынғы меңгерушісі тек бас миы шайқалған науқастарды ғана қабылдаған. Қанша рет біліктілігін арттыруға жолданса да заманауи, күрделі нейрохирургиялық оталарды жасауды үйрене алмаған. Осылайша, өзінің біліктілігін көрсете алмаған бірқатар дәрігерлерді қызметінен алып, орнына елордадан білікті, күрделі оталарды жасай алатын мамандарды жұмысқа қабылдадық, – дейді А.Донбай.

Сондай-ақ, А.Донбайдың сөзіне қарағанда, бұған дейін аурухананың травматология бөлімшесінде аяқ-қолы сынған науқастарға арналған темір бұйымдарға жылына небәрі 50 миллион теңге бөлінген, оның өзі науқастардың жақындарына тегін берілмеген. Бас дәрігер темір бұйымдардың науқастарға тегін берілуін бақылауға алып, бұл мақсатқа бөлінетін қаржыны 400 миллион теңгеге дейін көбейткенін алға тартып отыр.

Оның айтуынша, осылайша тәртіп орнатылуы кейбір азаматтарға жақпай, аурухананың қызметі жайлы көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату мен жала жабу басталған. Абылай Донбай әлеуметтік желілер арқылы таралған бұл айыптаулардың барлығы негізсіз екенін, шындыққа жанаспайтынын және бұл мәселе бойынша құқық қорғау органдарына шағымданғанын мәлімдеді.