Шымкенттегі әскери колледжде ата-аналармен кездесу өтті

0
93

Осы күні жаңадан қабылданған ұландарға әскери форма жиынтығы мен қажетті жабдықтар табысталды.


Шымкенттегі әскери колледжде ата-аналармен кездесу өтті

Шымкентте Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің генерал Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледжінде оқу орны басшылығы бірінші курсқа қабылданған ұландар мен олардың ата-аналарымен кездесу өткізді.

Іс-шара барысында ата-аналар колледждің оқу үдерісімен, ұландардың тұрмыс-тіршілігімен және күнделікті өмірімен танысты. Оларға оқу корпустары, казармалар, спорт залдары мен колледждің басқа да инфрақұрылымдық нысандары көрсетілді. Сондай-ақ ата-аналарға оқу орнының күн тәртібі, тәртіп ережелері және білім алу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берілді. Осы күні жаңадан қабылданған ұландарға әскери форма жиынтығы мен қажетті жабдықтар табысталды.
Колледж бастығы, полковник Мақсат Ахшалов, кездесу отбасы мен оқу орны арасында ашық диалог орнату мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті:
- Конкурс нәтижесінде біздің колледжге 168 жас талапкер қабылданды. Бүгін біз ата-аналарды арнайы шақырып, оқу барысы, әскери атақ беру тәртібі және қызмет ету мүмкіндіктері жайлы толық түсіндірдік. Казарма мен оқу корпустарын, сондай-ақ әскери киім үлгілерін көрсеттік. Бұл арқылы ата-аналар балаларын сенімді қолдарға тапсырғанына көз жеткізді.
Ғалымжан Утегенов, бірінші курс ұланының әкесі, колледж туралы өз ойымен бөлісті:
- Біз бұл шараға Қызылорда қаласынан келдік. Ұлымыз 9-сыныптан кейін осы әскери колледжге түсті. Бүгін бізге оқу орнының басшылығы барлық жағдайды түсіндіріп, жатақхананы, оқу бөлмелерін көрсетті және басшылық құраммен таныстырды. Ұлымыздың 400-ден астам үміткердің арасынан іріктеліп, осы беделді оқу орнының ұланы атанғанына өте қуаныштымыз.
Бірінші курс ұланының анасы Алла Штурбина да өз әсерімен бөлісті:
- Бүгін бізді колледжге шақырып, балаларымыздың қайда оқып, қайда тұратынын көрсетті. Барлығы өте ашық, жан-жақты және жылы қабылдаумен ұйымдастырылған. Бізге оқу үдерісінің ерекшеліктері, ұландардың күн тәртібі және мүмкіндіктері жайлы толық айтып берді. Ана ретінде мен балаларымыздың сенімді қолда екеніне көз жеткіздім. Сенемін, олардан болашақта ел қорғайтын нағыз абзал әскерилер шығады.

Кездесу соңында ата-аналар колледж аумағын аралап, болашақ қорғаушылар үшін оқу мен демалысқа, сондай-ақ жан-жақты дамуға барлық қажетті жағдай жасалғанына көз жеткізді.

Бөлісу