​Шымкенттегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында тағылымды кездесу өтті

0
221

Іс-шара әскери бөлімнің саптық алаңында басталды.


​Шымкенттегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында тағылымды кездесу өтті

ERNUR.KZ. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында әскери қызметшілермен әскери прокуратура өкілі мен Қарулы күштер ардагерлерінің қатысуымен тағылымды кездесу өтті.

Іс-шара Бас әскери прокуратураның тапсырмасына сәйкес «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында «Сарбазға прокурорлық кеңес» тақырыбындағы республикалық профилактикалық акция шеңберінде ұйымдастырылды.
Жиынға Шымкент қаласы бойынша «Қарулы күштер ардагерлері» кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Серікбай Мейрбайұлы Оңбаев және Шымкент гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры, әділет аға лейтенанты Мәмбет Айдарбекұлы Өтегенов қатысты.
Іс-шара әскери бөлімнің саптық алаңында басталды. Онда мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаздар қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін қарумен және қарусыз көрсетіп, дайындық деңгейін паш етті.
Одан әрі қонақтарға әскери қызметшілердің заманауи киім үлгілері таныстырылып, сарбаздардың ас мәзірі көрсетілді. Сондай-ақ жауынгерлік кезекшілікті ұйымдастыру тәртібі түсіндірілді. Қонақтар казармалық үй-жайларды аралап, тұрмыс жағдайымен танысты.
Кездесу барысында құқық қорғау органдарының өкілдері мен ардагерлер әскери қызметшілермен ашық сұхбат өткізіп, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, әскери тәртіпті сақтау және патриоттық құндылықтарды нығайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен сарбаздар арасында өзара ашық диалог орнатылып, құқық қорғау қызметінің қолжетімділігі түсіндірілді.
Мемлекет басшысы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше мән беретінін атап өткен болатын. Осыған орай, «Заң мен Тәртіп» қағидаты құқықтық мемлекеттің негізі және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты ретінде айқындалды. Оны іске асыру заң алдында баршаның теңдігін, жазаның бұлтартпастығын, құқықтық мәдениетті дамытуды, құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруді, цифрлық технологияларды енгізуді, сондай-ақ қоғамның құқық қорғау жүйесіне деген сенімін арттыруды көздейді.
Жиын барысында сарбаздар ардагерге түрлі сауалдар жолдады. «Патриот деген кім?» деген сұраққа отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев:
– Патриотизм – сөзбен емес, іспен дәлелденетін ұғым. Әрбір сарбаз әскери борышын адал атқарып, кәсіби даярлығын жетілдіріп, ел басына күн туған жағдайда Отанын қорғауға дайын болуы тиіс. Патриот – өз елін сүйетін және оны қорғауға әрдайым әзір азамат, – деп жауап берді.
Жиын соңында әскери прокуратура өкілі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарында үлгілі қызмет атқарып, әскери тәртіпті сақтаған бірқатар сарбазға Бас әскери прокурор, әділет генерал-майоры Дастан Секеновтың атынан алғыс хаттар табыс етті.