Аурухана қызметкерлері ангиограф құрылғысымен операция жасауға дайын.
Шымкент қаласының №2 қалалық ауруханасына ангиографиялық қондырғы орнатылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Цифрлы аппарат инсульт пен инфарктқа тіліксіз күрделі ота жасауға мүмкіндік береді. Бұл құрылғы алдағы уақытта ашылатын инсульт орталығына орнатылды.
Заманауи құрал-жабдықтар сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл аппарат көптеген науқастардың өмірін сақтап қалуға ықпал етпек. Аталған құрылғы арқылы бас, жүрек қан тамырлары мен гинекология, онкология ауруларына да күрделі ота мен эмболизация жасауға мүмкіндік бар. Мұндай құрылғы қаладағы бірнеше емдеу мекемелерінде бар.
Ал №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері Пернебеков Сарсен іске қосылған бұл жаңа аппаратттың ерекшелігі мен артықшылығы зор екенін айтады.
“Жаңа аппарат арқылы ота жасау өте ыңғайлы. Себебі құрылғының көмегімен пышақсыз ота жасаймыз. Соның арқасында науқастың денесіне ашық жарақат салмай, оңалту емі жеңілдейді. Ангиограф аппаратымен ота жасау үшін медицина мамандарын оқыттық. Аурухана қызметкерлері ангиограф құрылғысымен операция жасауға дайын” - деді бас дәрігер.
Аурухана құрамында бүгінде 50 мыңнан астам халық тіркелген емхана бөлімі жұмыс істейді. Одан бөлек, перзентхана бөлімшесі перинаталдық көмектің II деңгейін көрсетеді. Бүгінгі таңда ауруханада 258 – дәрігер, 577 – орта буын медицина қызметкерлері, 192 – кіші буын медицина қызметкерлері, 125 – басқа да қызметкерлер жұмыс істейді.