Жас жігіттің денесінің 98 пайызын күйік шалған
Шымкент қаласының маңындағы жойқын жарылыс пен өрт кезінде 20 жастағы жігіт қатты күйік шалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Жедел жәрдем қызметі жігітті ауыр халде Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигинация орталығына жеткізген.
"1999 жылы туған науқас өте ауыр жағдайда жеткізілді. Денесінің 98 пайызын күйік шалған. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр," - дейді орталықтың бас дәрігері М.Ермаханбетова.
Қазір ғана белгілі болғаны, Тассай елді мекеніндегі Жібек жолы даңғылы бойында жанар жағармай құю бекеті маңында газ цистерналары жарылған.
Өрт бүгін сағат 11.10 шамасында орын алғанын жариялаған болатынбыз. Алдын ала мәлімет бойынша, 50 және 7 куб метр көлемдегі автоцистерналар жарылған. Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің 21 арнайы техникасы мен жеке құрамның 90 қызметкері өртті сөндіруге жұмылдырылған. Тілсіз жау сағат 12.20 да ауыздықталған.
Оқиға орнында өрт сөндірушілер мен барлық құзырлы органдар қызметкерлері жұмыс істеуде.
видео: кездейсоқ куәгерлерден