Іш қуысының лимфангиомасы – сирек кездесетін, бірақ көлемі ұлғайған жағдайда ішкі ағзалардың қызметіне айтарлықтай қауіп төндіретін қатерсіз ісік.
Шымкент қаласының дәрігерлер 4 жасар балаға күрделі операция жасап, іш қуысынан үлкен көлемді қатерсіз ісікті сәтті алып шықты.
Іші қатты ауырып, құса берген балақай клиникалық балалар ауруханасына жеткізіле сала жалпы қан талдауы алынып, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жүргізілді.
Дайындықтан кейін оған ота жасалып, іш қуысының лимфангиомасы – сирек кездесетін, бірақ көлемі ұлғайған жағдайда ішкі ағзалардың қызметіне айтарлықтай қауіп төндіретін қатерсіз ісік анықталды. Көлемі мен операцияның күрделілігіне байланысты дәрігерлер лапаротомия әдісімен ісікті толық алып тастады.
Сәтті өткен отадан кейін балақай бөлімшеге ауыстырылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Қазіргі таңда жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, үйіне шығарылған.
Мамандардың айтуынша, мұндай операциялар асқан дәлдікті, кәсіби тәжірибені және заманауи медициналық жабдықтарды талап етеді. Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдарда соңғы жылдары хирургиялық көмектің сапасын арттыруға, күрделі оталарды жергілікті деңгейде жасауға ерекше көңіл бөлінуде.


