Мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбидің салмағы 800 грамм ғана болған.
Қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері 6 айлық болып туған қыз баланы аман алып қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбидің салмағы 800 грамм ғана болған.
Нәрестенің жағдайы ауыр болғандықтан, бір айға жуық жансақтау бөліміндегі аппаратта жатып, жасанды жолмен тыныс алды. Бұған қоса қан құйылып, қарқынды терапия емі жасалған. Содан бері перинаталдық орталықтың мамандары үш айға жуық ем-дом жасап, медициналық көмек көрсетуде. Нәтижесінде сәби салмақ жинап, жағдайы жақсарды.
- Қызымды 12 тамыз күні босандым. Жасыратыны жоқ, аман қалады деп ойламадым. Себебі, жүктілік мерзімінің 25 аптасында 875 грамм болып туған еді. Қазір салмақ қосып, 1500 граммға жеттік. Құдайға шүкір, қазір жағдайымыз жақсы, - дейді қыздың анасы Феруза Бүркітбаева.
Күннен күнге салмақ қосып, жағдайы жақсарып келе жатқан сәби мен анасы жақын күндері перзентханадан үйлеріне шығады. Ал қазір қалалық перинаталдық орталықтың екінші кезең бөліміндегі мамандардың бақылауында.
- Туған кездегі жағдайы өте ауыр болды. Тыныс жетіспеушілігіне байланысты реанимация бөліміндегі аппаратқа қосылды. Және оған бірнеше рет қан құйылды. Емдеу барысында жағдайы жақсаруына байланысты екінші кезеңдегі нәрестелер бөліміне ауыстырылды. Қазіргі таңда жағдайы жақсы, салмақ қосуда, - дейді бөлім меңгерушісі Миркурбанов Миродил.