​Шымкенттік дәрігерлер қарияның аяғын ампутациядан аман алып қалды

0
95

Зейнеткерде атеросклероз дерті асқынып, аяқтағы қан айналымы мүлде тоқтаған.


​Шымкенттік дәрігерлер қарияның аяғын ампутациядан аман алып қалды

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері аяқтың қан тамыры 100 пайызға бітелген 68 жастағы қарияға МӘМС аясында күрделі ота жасап, оны ампутациядан аман алып қалды.

Зейнеткерде атеросклероз дерті асқынып, аяқтағы қан айналымы мүлде тоқтаған. Соның салдарынан қария 10–20 метрден артық жүре алмай, аяғының қатты ауырсынуынан зардап шеккен. Медициналық тексеру барысында қан тамырларында тромбтар анықталып, науқастың жағдайы аса күрделі деп бағаланған.
Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының «Қан тамырлары және интервенциялық хирургия» бөлімінің меңгерушісі, ангиохирург Ерлан Аширбаев жетекшілік еткен күрделі ота барысында аяқтағы бітелген қан тамыры кеңейтіліп, оған арнайы стент орнатылды. Ота жергілікті жансыздандыру арқылы, науқастың есі анық күйде өтті.
Эндоваскулярлы баллонды ангиопластика әдісімен тіліксіз жасалған ота қан ағымын қалпына келтіріп, жараның тез жазылуына және науқастың қалыпты қозғалысына қайта оралуына мүмкіндік береді.
Аталған аурухананың білікті дәрігерлер құрамы атеросклероз, көктамырдың бітелуі, қолқа тамырының кеңеюі секілді қан тамырларының күрделі ауруларына заманауи лазерлік, эндоваскулярлы және ашық хирургиялық оталар жасап келеді.
Айта кетейік, МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, биылдан бастап медициналық көмек пакеттеріне және оны көрсету тәртібіне қатысты бірқатар жаңашылдықтар күшіне енді. Әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша диагностика, бақылау және емдеу ТМККК аясында көрсетілсе, созылмалы аурулары бар азаматтарға медициналық көмек МӘМС жүйесі шеңберінде ұсынылады.
Бөлісу