Шымкенттік кәсіпорындар өнім өндіру үшін қыруар қаржыға сырттан тауар сатып алады

0
2 897

Шымкентте кәсіпкерлердің назарына тауашалы (бос) жобалардың бар екендігі туралы ақпаратты жеткізу мақсатында баспасөз-тур ұйымдастырылды.


Шымкенттік кәсіпорындар өнім өндіру үшін қыруар қаржыға сырттан тауар сатып алады

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер Палатасы 30 жергілікті өнім өндіруші ірі кәсіпорындарға мониторинг жүргізіп, 30-нан да импортты алмастыру бойынша мәселелер бар екенін анықтаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атап айтқанда, бұл кәсіпорындар өнім өндіру кезінде шетелден кейбір бастапқы шығын материалдарды сатып алуға мәжбүр болады. Мысалы, «Шымкентқұс» құс фабрикасы солтүстік өңірлерден 1,4 млрд. теңгеге азықтық бидай сатып алса, «Бал текстиль» кілем фабрикасы – Ресей, Өзбекстан және Түркиядан 125 млн. теңгеге орау үшін үлдір, латекс желімі және картон төлкесін алдырады екен. Сондай-ақ, «Әлем БТ» шұлық фабрикасы Қытайдан 168 млн. теңгеге жапсырма, ілгек пен шұлықтарға арналған қағаз қораптарын және «Еврокристалл» ЖШС – Ресей мен Өзбекстаннан 150 млн. теңгеге гофротар, бигбегтер, тұғырлар, орау пленкасы мен сыпырғыштар және т.б. тауарлар сатып алады екен.

Бұл мәселелер жөнінде Шымкент қаласындағы «Еврокристалл» және «Бал текстиль» ЖШС-не Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған баспасөз-турында палата директоры Нұрлан Қабыштаев мәлімдеді.

«Біздің жергілікті өндірушілер жыл сайын өнім өндіру үшін 4 млрд. теңгенің тауарын сырттан сатып алуда. Ал, бұл біз мониторинг жүргізген 30 жергілікті өнім өндіруші кәсіпорындарға ғана қатысты мәлімет. Бірақ мұның бәрін өзімізде өндіруге болады. Шетелдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, көптеген дамыған елдерде шағын және орта бизнес 60-70%-ға ірі бизнеспен байланысты, яғни оған жұмыс істейді. Бір ірі кәсіпорын өз артынан жүздеген шағын өндірісті тартады. Осылайша, барлығы ұтымды позицияда болады: ірі өндірістің басы ауырмайды, яғниолар шығын материалдарын ешбір қиындықсыз ала алады, ал шағын және орта кәсіпорындар бір өнімді шығаруға мамандана отырып, оның сапасын арттырады және өзіндік құнын төмендетіп, жеткізу мерзімін қысқарта алады. Сонымен қатар, өңір экономикасы да оң көрсеткіштерге жетеді: ақша шет елге кетпей, өңірде қалады. Бірақ, Қазақстанда мүлдем басқаша жағдай көрініс тауып отыр – ірі, шағын және орта бизнес бытыраңқы, бір-бірімен байланыссыз жұмыс істейді. Шағын және ірі бизнестің синергиясын неғұрлым күшті етсек, соғұрлым орта бизнесті қарқынды дамыта аламыз», - деді Палата директоры Н.Қабыштаев.

Сондай-ақ, баспасөз-туры аясында тілшілер «Еврокристалл» және «Бал текстиль» ЖШС-дағы шағын және орта бизнес өкілдері айналыса алатын тауашалы (бос) жобалармен танысты. Ал, палата директоры таушалы (бос) жобалар тізбегін анықтау – қызметтің қаңдай түрімен айналысуды білмей жүрген ықтимал стартапшылар мен кәсіпкерлер үшін үлкен көмек болатынын айтты.

Айта кетейік, баспасөз-тур кәсіпкерлердің назарына осындай тауашалы (бос) жобалардың бар екендігі туралы ақпаратты жеткізу мақсатында өткізіліп отыр.