Шымкенттік оқушылар ІІ Желілік Спартакиаданың жеңімпазы атанды

0
991

«Үздік шабуылшы» және «Үздік қорғаушы» номинациясы да шымкенттіктерге бұйырды.


Шымкенттік оқушылар ІІ Желілік Спартакиаданың жеңімпазы атанды

Бүгін Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде баскетболдан ІІ Желілік спартакиаданың финалдық кезеңі аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ақтық мәреге спорттық жарыстың аймақтық кезеңінде топ жарған он екі зияткерлік мектеп командалары қатысты. Олар Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе, Орал қалаларынан келген ұлдар және қыздар құрамалары. Аталған спорттық жарысқа жалпы саны 12 зияткерлік мектептен 100-ге жуық оқушы қатысқан. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кубоктар, медальдар және арнайы дипломдар табыс етілді.

Атап айтсақ, ұлдар арасындағы I орынды Шымкент қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары иеленді. Ал, жүлделі II және III орындарды Оралдағы физика-математикалық және Қарағандыдағы химия-биологиялық бағыттағы зияткерлік мектептердің спортшылары бөліп алды.

Сондай-ақ, қыздар арасында өткен тартысты бәсекенің жеңімпаздары болып Ақтөбенің физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп бұрымдылары танылды. Екінші орынды Қарағадының химия-биологиялық бағыттағы Зияткерлік мектеп арулары иемденсе, үшінші орын Нұр-Сұлтан қаласының IB мектебіне бұйырды.

Сондай-ақ, спартакиада барысында жақсы ойын көрсеткен спортшылар арнайы номинациялармен марапатталды. «Үздік ойыншы» аталымы елордалық Нұрасыл Жақанов пен ақтөбелік Медина Дюсембинаға берілсе, қарағандылық Владислав Несвельдин мен Валерия Сотникова «Үздік орталық ойыншылар» болып танылды. Ал, «Үздік шабуылшы» аталымын шымкенттік Әли Сүлеймен мен астаналық Сұлтанқызы Биназир алса, «үздік қорғаушы» аталымы оралдық Ердәулет Исманалиев пен шымкенттік Алина Боргульге бұйырды.