Байқаудың қорытынды кезеңіне 97 психолог қатысты. Оның 39-ы үздіктер қатарына кіріп, 24-і номинацияға лайық деп танылды.
Елімізде 4–11 қараша аралығында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық IX «Үздік жыл психологы» байқауының нəтижесі жарияланды, деп хабрлайды ERNUR.KZ.
Байқаудың қорытынды кезеңіне 97 психолог қатысты. Оның 39-ы үздіктер қатарына кіріп, 24-і номинацияға лайық деп танылды. Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар қатарында Шымкент қаласының үш педагог-психологы жүлделі орындар мен номинацияға ие болған. Атап айсақ, ІІ дәрежелі диплом иегері Жанна Арынбаева – Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің педагог-психологы. Ал ІІІ дәрежелі дипломды №89 ІТ мектеп лицейінің психологы Балжан Озарбаева иеленген.
Бұған қоса, №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының психологы Күланда Пернеханқызы байқауда арнайы номинациямен марапатталды. Жалпыкомандалық есеп бойынша Шымкент қаласы үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, жыл сайын ұйымдастырылатын бұл конкурсқа психологиялық өтілі 3 жылдан кем емес, соңғы 3 жылда осы іс-шараға қатыспаған, 3 –7 жыл еңбек өтілі бар барлық педагог-психолог қатыса алады.