Шымкент қаласының болашақ дан иегерлері ел қоржынына бір алтын, екі қола жүлде салды.
Манила қаласында (Филиппин) WKF каратэден жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл додада қазақстандық каратэшілер жалпы командалық есепте үздік үштікке енді.
Аталмыш сары құрлық бәсекесіне 30 елден 600-ге жуық каратэ шеберлері қатысты. Бұл жарысқа Ұлттық құрама сапынан 37 қазақстандық аттанған болатын. Соның ішінде Шымкент қаласының болашақ дан иегерлері ел қоржынына бір алтын, екі қола жүлде салды.
16-17 жас аралығында 68 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ергенбай Бейбарыс қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақса, 16-17 жас аралығында 66 келіден жоғары салмақтағы спортшы қыз Жұмаділдә Алуа қоланы қанағат тұтты.
Айта кетейік, жарыстың алғашқы күнінде ел қоржынына шымкенттік 14-15 жас аралығы 54 келіге дейінгі салмақтағы жас спортшы Алтынбек Асемай қола жүлде салған болатын.
Чемпионаттың қорытындысы бойынша қазақстандық каратэшілер 4 алтын, 6 күміс, 4 қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға жайғасты.
Сонымент қатар, 2024 жыл тамыз айының 15-24 күндері аралығында Молдова елінің Кишинёв қаласында өткен армрестлингтен 45-ші Әлем чемпионаты өз мәресіне жеткен болатын.
61 мемлекеттен 1500-ден аса спортшылар қатысқан Әлемдік додада шымкенттік жас жеткіншектер, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында 11 жүлдені қанжығаларына байлаған еді.
Нәтижесінде жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 52 алтын медальмен І орынға жайғасқан болатын.