Шымкенттік жас кәсіпкер МАСАХАНА САТЫП миллиондық табысына қол жеткізді

0
6 458

Сонымен қатар, масаханалар жалға да беріледі.


Шымкенттік жас кәсіпкер МАСАХАНА САТЫП миллиондық табысына қол жеткізді

Жаздың ыстық күндерінде үйден шығып кеш бата соққан самал желде ұйықтағанға немесе демалғанға не жетсін! Бірақ жазда далада тыныш ұйықтау үнемі мүмкін бола бермейді. Шыбын-шіркей, масалардың болуы заңдылық. Өздері кішкентай болғанымен тәтті ұйқыны бұзуға шамалары әбден жетеді.

Есполов Азамат есімді шымкенттік жас кәсіпкер сұранысты тап баса біліп, тыныш ұйықтауға жағдай жасайтын масахана сату ісімен айналысып жүр. Жарнамасында әдеттегі қолдан тігілгенге ұқсамайтын, өзгеше құрастырмалы масахана да көптің көңілінен шықса керек, тапсырыс берушілердің қарасы мол көрінеді.



*(МАСАХАНА - масадан қорғану үшін дәкеден тігілген бітеу шымылдық. Жазда далаға ұйықтайтын кезде маса сияқты түрлі жәндіктерден қорғану үшін қолданылады)



(фотолар: кейіпкердің жеке мұрағатынан)

Азаматтың бұл іспен айналысып жатқанына 3 жылға жуық уақыт болған. Негізгі мамандығы электромеханик. Бірақ бұрыннан бизнес жасаумен айналысқысы келгендіктен өз мамандығы бойынша мүлде жұмыс істемеген. Арманы адастырмай өзі қалаған «Бизнес бастау» мектебінде білім алған. Бизнес мектепті аяқтаған соң жаңа кәсіппен айналысуға шешім қабылдапты. Өз кәсібін бастамас бұрын көп ізденіп, мейлінше адамдарға пайда әкелетін іспен айналысуды ойлаған. Осылайша біраз уақыт ізденіп масахана сату ісін қолға алған.


"Алғашқы кезде 40 масаханаға тапсырыс бердім барлығы 1 апта ішінде сатылып кетті. Басында өзім де таң қалдым. Осыдан соң бұл бизнесте ақша бар екенін түсіндім. Бастысы бұл заттың адамдарға керек екені және пайдалы болғаны қуантты", дейді ол.


Масахана сатумен айналысып 2 апта ішінде алғашқы миллионын тапқанын да жасырмады ол.



- Масаханаға жаз мезгілінде сұраныс өте жоғары. Кейде бәрі сатылып кетеді. Сондай кезде түнде хабарласып, масахана сұрайтындар өте көп. "Ақшасын екі есе төлеймін, тауып берші" дейтіндер де бар. "Сенің арқаңда ұйқымыз тыныш" деп алғыс айтып жататындар көп. Тұтынушыларымның барлығы риза, тек жақсы пікірлерін айтып жатады, дейді Азамат.


Қазіргі таңда Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент қаласында сауда нүктелері бар. Басқа қалаларға қарағанда Шымкент пен Атырау қаласында сұраныс жоғары екен. Жас кәсіпкердің сөзінше қазіргі кезде масахана сатумен айналысатындар көбейген.

"Біздің масаханалардан бағасы едәуір арзан сатушылар да бар. Бірақ біздің масахананың басқалардан ерекшелігі сапасында. Бағасы мен сапасы бір-біріне сай келеді деп сеніммен айта аламын. Арзанға алған затты көп қолдана алмайды", дейді жас кәсіпкер.


Тағы бір ерекшелігі - масаханаларды жинау өте ыңғайлы. Көп орынды қажет етпейді. Тауға, балық аулауға, демалысқа алып жүруге өте қолайлы зат. Жаз мезгілінен бөлек көктем мен күзде де сатылымның жақсы екенін айтады Азамат.

Масахана сатуда кәсіпкер сатып алушыларға барынша қолайлы болу үшін барлық жағдай жасап жүр. Тұтынушылардың сұрауы бойынша алдағы уақытта бөліп төлеу (Kaspi Red) жүйесі іске қосылмақ. Одан бөлек жеңілдіктер, жеткізу жағы барлығы қарастырылған.

Сонымен қатар, масаханалар жалға да беріледі. Тауға немесе саябаққа баратын кезде 1 күнге жалға алу бағасы - 2 мың теңге. Жалпы масахананың сатылу бағасы 8-10 мың теңге арасында.


Азамат болашақта осы кәсіпті әрі қарай дөңгелетуді жоспарлауда. Жаңа дүниелер мен тұтынушылар тарапынан болған ұсыныстарды негізге ала отырып кәсібін кеңейту ойында бар. Небәрі 21 жасында жеке бизнесін ашып халықтың сұранысын тап басқан іспен айналысып жатқан кәсіпкерге тек сәттілік тіледік.

Ұйқыңыздың тыныш болуын қаласаңыз және сапасы бағасына сай келетін масаханаларды (@masahana.kz) Азаматтан таба аласыз.

Ұлбосын Әбілсейітқызы,

ERNUR.KZ