Оңай олжаға кенелмекші болған азамат қарт кісінің қауқарсыз екенін пайдаланып, ұялы телефонын ашық түрде алып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған.
Шымкенттік полицейлер 83 жастағы қарияның ұялы телефонын ашық түрде тонап кеткен азаматты ізін суытпай ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қалалық полиция басқармасының дерегінше, 83 жастағы тұрғын күндізгі сағат 12-45 шамасында зейнетақысын алуға «Гиперхаус» сауда орталығындағы банкоматқа кезек күтіп отырғанында төс қалтасындағы құны 80 000 теңге тұратын «Samsung galaxy А12» маркалы ұялы телефонын белгісіз ер азаматтың ашықтан-ашық үптеп кеткен.
Белгілі болғанындай, оңай олжаға кенелмекші болған азамат қарт кісінің қауқарсыз екенін пайдаланып, ұялы телефонын ашық түрде алып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Полицейлер оқиға болған жердегі бейнебақылау камераларын жіті қарап, күдіктінің түр-тұлғасын анықтады.
"Күдікті азамат өзі ұрлаған ұялы телефонды «Гарант» сауда үйінде сатайын деп тұрған жерінен ұсталды. Ол Түркістан облысының тұрғыны екені анықталды. Бұрын-соңды сотты болмаған. Өз кінәсін толық мойындап отыр. Қазіргі уақытта ұялы телефон иесіне қайтарылды", - делінген баспасөз хабарламасында.