Шымкенттік зиялы қауым өкілдері оқиғаға қатысты пікірлерін білдірді

0
855

Арандатушылар мен ел тыныштығын бұзған содырлардың іс-әрекетін айыптады.


Шымкенттік зиялы қауым өкілдері оқиғаға қатысты пікірлерін білдірді

«Басты құндылығымыз – бірлік пен ынтымақ» деген шымкенттік зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер кеңесінің мүшелері халықты ауызбіршілікке шақырып, елдегі орын алған оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ел басына күн туған тұста оның тұтастығын бұзуды көздегендердің де бой көрсетіп қалатынын алға тартқан түрлі сала өкілдері арандатушылар мен ел тыныштығын бұзған содырлардың іс-әрекетін айыптады.

Қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов елдегі жағдайға байланысты пікір білдірді.
Жалпы, елімізде әр азаматтың өз пікірін білдіруіне, өз ойын айтуына құқығы бар. Шеруге шыққандар газ, азық-түлік бағасының қымбаттауын алға тартты. Митингке шыққан азаматтармен диалог орнатылып, газ бағасы төмендетілді. Ел наразылығы ескеріліп, Үкімет отставкаға кетті. Ал енді күні кешегідей мүлікті бүлдіріп, заңды билікке қарсы шығу – дұрыс емес. Қазақта «Сабыр түбі – сары алтын» деген жақсы сөз бар. Бұл – әр азаматтың бойында болуы тиіс қасиет. Әр мәселені сабырмен байыптап, зерделеп, талдау жасасақ, шешімін тапсақ, біз алға жылжимыз. Кез келген мәселені диалогпен шешуге болады. Қажет болса, біз сол диалогта халық пен билік арасындағы дәнекер болайық. Қазақтың асыл қасиетінің бірі – сөзге тоқтау. Біз бір ауыз уәжге тоқтаған халықпыз. Бірлігімізге, ынтымағымызға сын келетін қадамға бармайық. Мемлекеттік тұтастық бәрінен маңызды. Ал мемлекет деген – сіз бен біз! – деді Ш.Мырзахметов.
«Алатау қанша биік болса да, ай астында, адамзат қанша биік болса да заң астында» деген сөз бар. Заң болмаса, қоғамда тәртіп болмайды. Сондықтан, барлық мәселе заң аясында шешілуі тиіс. Күні кеше көшеге шыққандардың әрекетін біз құптамаймыз, ол – бұзақылық. Ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас-жауы» деген сөзі бар. Міне, жастарға, өскелең ұрпаққа отаншыл, ұлтжанды тәрбие берудің маңызы осындайда білінеді. Ал әр отбасында, қоғамда тәрбие мәселесі мықтап қолға алынса, жіті көңіл бөлінсе, мұндай келеңсіздік болмас еді. Тыңдау – биліктен, ұсыну – халықтан. Ал ешқандай жүйелі талапсыз, алдынан шыққанды қиратып кету – ол бұзақылық. Үкіметтің таралуымен барлық мәселе шешіле қоймайды, ендігі мәселе – халықтың наразылығының түп-тамыры неде жатқанын мықтап зерттеу қажет. Көптің талабын тыңдап, заңды талабын орындауға барынша күш салу керек деп ойлаймын. Кешегі топ бір миллион тұрғынның пікірін білдіре алмайды. Бұл оқиғаға заңды түрде баға беріліп, кінәлілер тиісті жазасын алуы керек. Әлеуметтік жағдайға баса назар аударымыз керек. Сонда сәлде болса халықтың жағдайы дұрысталар еді, – деді ардагер-заңгер Бекет Тұрғараев.

Алла Тағала қасиетті «Құран-Кәрімде» «мен сабыр қуушылармен біргемін» деген. Қазақ халқы көптеген нәубеттерді бастан кешірген. Алайда, ел бейбіт өмір сүріп, мамыражай күн кешіп жатқанда орын алған мынандай келеңсіз оқиға баршамыздың жанымызға батты. Қала мұсылмандарының, имамдарының атынан шымкенттіктерді сабырға, бірлікке, ынтымаққа шақырамыз. Талап-тілектерін айтып келген халықтың бейбіт шеруді арандатушылар өз пайдасына бұрып, бүлік шығарды. Шариғатта мұны «фитна» деп жатады. Яғни, бүлік шығару ең ауыр күнәлердің бірі, - дейді Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов.