​ШЫМКЕНТТІҢ ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫ ХУДЖАНДТА: Тәжікістанда Қазақстанның мәдениет күндері өтуде

0
307

Бүгінде Қазақстанның мәдениет күндері аясында Душанбе, Худжанд және Бохтар қалаларында мәдениетаралық байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізіліп жатыр.


​ШЫМКЕНТТІҢ ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫ ХУДЖАНДТА: Тәжікістанда Қазақстанның мәдениет күндері өтуде

Тәжікстан Республикасындағы Қазақстанның мәдениет күндері аясында 22 тамыз күні Орта Азияның шежірелі Худжанд қаласында 2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласының өнерпаздары концерт қойды.

Концерттік бағдарлама «Шымкент концерт» концерттік ұйымының Қазақ ұлт аспаптар оркестрі және «Қазына» би ансамблінің орындауында Сүгірдің «Ыңғайтөк» күйі мен Құрманғазының «Балбырауын» күйінен тұратын «Думанды дәурен» композициясынан басталып, дәстүрлі әндер мен қазақ классикалық жауһарларымен жалғасты.
Концертте Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» поэмасы Қазақ ұлт аспаптар оркестрімен орындалды. Шымкент қалалық опера және балет театрының солисті, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Үралхан Сейілбекова Латиф Хамидидің «Бұлбұл» шығармасын орындап көрерменді тәнті етті. Сонымен қатар, домбыра шеберлері қазақ композиторлары Е. Хасанғалиев, Қ. Мырзалиев, И. Байзақ, Қ. Жапсарбаев және К. Әзірбаевтың туындыларын орындап, Худжандтық көрермендердің ыстық ықласына ие болды.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы және Тәжікстан Республикасының екі жақты өзара қатынасы достық сипатта және жоғарғы дәрежедегі саяси ынтымақтастық бағытында дамып келеді. Бүгінде Қазақстанның мәдениет күндері аясында Душанбе, Худжанд және Бохтар қалаларында мәдениетаралық байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізіліп жатыр.
Бөлісу