Ұлттық құрама 2027 жылғы Қысқы Сурдлимпиада ойындарының жолдамасын иеленді.
Қазақстанның сурдо-футзал ұлттық құрамасы 2027 жылғы 15-24 қаңтар аралығында өтетін Қысқы Сурдлимпиада ойындарына тарихи жолдама жеңіп алды.
Бұл маңызды жетістік 2026 жылғы 25 маусым – 5 шілде аралығында Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен есту қабілеті зақымдалған спортшылар арасындағы футзалдан І Азия чемпионатында орын алды.
Азияның 6 мемлекеті – Қазақстан, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Оман және Бахрейннің ұлттық құрамалары қатысқан тартысты бәсекеде Қазақстан құрамасы қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, Азия чемпионы атанды.
Осылайша ұлттық құрама 2027 жылғы Қысқы Сурдлимпиада ойындарының жолдамасын иеленді.
Осы тарихи жеңіске Шымкент қаласының №19 мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің спортшылары Әшірбай Бекзат пен Сейдалиев Тұрсынбек қомақты үлес қосты. Олар ұлттық құрама сапында ел намысын абыроймен қорғады. Спортшылардың жаттықтырушысы – Е.Атабаев.
Азия чемпионатының қорытындысы бойынша 1-орынды Қазақстан иеленсе, 2-орында Сауд Арабиясы, ал Өзбекстан 3-орынды қанжығасына байлады.
Спортшыларымызға 2027 жылғы Қысқы Сурдлимпиада ойындарында еліміздің көк Туын биікке көтеріп, Қазақстанның абыройын асқақтатуына, жаңа белестерді бағындыра берулеріне тілектеспіз.


