​«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: АБАЙ АУДАНЫНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ӨТКІЗІЛДІ

0
337

«Тазалық - денсаулық кепілі» деген ұстаныммен өткен іс-шарада ағаш кесу, әктеу, шөп ору, суғару, қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілді.


​«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: АБАЙ АУДАНЫНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ӨТКІЗІЛДІ

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шымкент қаласындағы Темірлан тас жолында орналасқан скверде тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Тазалық іс-шарасына жалпы 100-ден астам аудан тұрғындары, кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар, еріктілер қатысты. «Тазалық - денсаулық кепілі» деген ұстаныммен өткен іс-шарада ағаш кесу, әктеу, шөп ору, суғару, қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілді.

«Мемлекет басшысы тапсырмасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаннан бері аудан тұрғындары күн сайын өзі тұратын көше бойындағы арықтарды, жол жиектерін қоқыстан тазартып, белсенді қатысуда», - дейді Қызылжар шағынауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Бастархан Байжанов.

Қала – ортақ үйіміз. Сондықтан, оның көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бей-жай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез келген жерге лақтырмай, таза ұстауға ат салысуы қажет.
Айта кету керек, Шымкентте республикалық акция басталғалы бері тазарту, абаттандыру жұмыстарымен қоса көшеттер мен түрлі гүлдер отырғызу жұмыстары да жалғасып жатыр. Қала көшелерінің жағалауына отырғызылған алқызыл, сары, көк гүлдер қаланың ажарын аша түсуде.

Дегенмен, тек қана көшеттер мен гүлдер ғана отырғызылып жатқан жоқ, сонымен бірге күнделікті тазалық жұмыстары да тоқтаусыз атқарылып жатыр.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелген еді.

Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Науқан 5 аптаға созылады. Айта кететін жайт әр аптаның тақырыбы және мақсаты айқындалған.