​«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ШЫМКЕНТТІК ЖАСТАР БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТЫП КЕЛЕДІ

0
227


​«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ШЫМКЕНТТІК ЖАСТАР БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТЫП КЕЛЕДІ

Бүгін Шымкент қаласы Тұран ауданына қарасты №8 шағын ауданда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Таза аула» іс-шарасы ұйымдастырылды. Тазалық шарасына қала тұрғындары, ерікті жастар және «Жасыл ел» жасағының мүшелері қатысты.

Олар А.Асқаров және Мангельдин көшелерінің бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын тазалап, қоқысты шығарып, ауланы ретке келтірді. Тазалық жұмыстарына 100-ге жуық тұрғындар, 4 арнайы техника жұмылдырылып, 21 тонна қоқыс шығарылды.
Тазалық іс-шарасына қатысушылар Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы еліміздің экологиялық мәдениетін көтеруге, табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғауға оң ықпал ететінін айтып, барша азаматтарды осынау игілікті іске белсенді түрде атсалысуға шақырады.
«Тазалық кісінің ішкі мәдениетінің, адамгершілігінің көрінісі деуге болады. Біз өзіміздің, өз үйіміздің ғана емес, тұрып жатқан жеріміздің, қаламыздың, туған жеріміздің таза болуына да баса мән беруге дағдылануымыз керек. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған «Таза Қазақстан» бағдарламасына жастардың белсенді түрде қатысып жатқанын көріп қуанып отырмын», - дейді Шымкент қаласы Тұран ауданындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Сатыбалды.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық іс-шаралары бір күнмен шектелмей, бүкіл қаламыз бойынша тұрақты түрде жалғасып келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді.

Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын.

Бөлісу