ТҰРҒЫНДАРҒА ЖАЙЛЫ ОРТА: Шымкентте балалар алаңшалары мен гүлзарлар көбейіп келеді

0
84

Ауданның көркін арттыру бағытында эстетикалық жобалар да жүзеге асуда.


 ТҰРҒЫНДАРҒА ЖАЙЛЫ ОРТА: Шымкентте балалар алаңшалары мен гүлзарлар көбейіп келеді

Шымкент қаласы Қаратау ауданында абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Бұл бағыт – аудан әкімдігі жұмысының басты басымдықтарының бірі.

Биылғы жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардың ұсынысымен 49 жоба қолға алынды. Оның 31-і толық аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл жобалардың қатарында аулаларды жаңарту, жарықтандыру, көгалдандыру және демалыс аймақтарын салу секілді әлеуметтік маңызы бар нысандар бар. Аталған бастама арқылы тұрғындардың өз ауданының көркеюіне тікелей атсалысуына мүмкіндік беріліп отыр.

Балалар мен жастарға арналған инфрақұрылым да қарқынды дамуда. Қазіргі таңда Қаратау ауданы аумағында 239 балалар ойын алаңы мен 109 спорт алаңы жұмыс істейді. 2025 жылы қосымша 27 жаңа ойын алаңшасын орнату жоспарланған, оның ішінде 19 нысан толық пайдалануға берілді. Қалғандары жыл соңына дейін тұрғындардың игілігіне ұсынылмақ. Сонымен қатар, биыл 3 жаңа спорт алаңы салынды, ал 4 ескі алаң қайта жөндеуден өткізілді. Бұл шаралар балалар мен жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстануына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауды көздейді.

Көгалдандыру мен көріктендіру жұмыстары да ерекше қарқынмен жүргізілуде. 2025 жылы аудан аумағында 12 жаңа гүлзар салу жоспарланған. Бүгінде олардың едәуір бөлігі – «Тұран», «Сайрам», «Нұртас», «Шапырашты» және басқа да елді мекендерде толық абаттандырылып, тұрғындарға жайлы демалыс аймағы ретінде қызмет етуде. Бұған қоса, жеке демеушілердің қолдауымен қосымша бірнеше гүлзар пайдалануға берілді.

Ауданның көркін арттыру бағытында эстетикалық жобалар да жүзеге асуда. Мысалы, көпқабатты үйлердің сыртқы қабырғаларына заманауи муралдар салынып жатыр. Қазіргі таңда 7 тұрғын үйдің қасбеті түрлі тақырыптағы көркем суреттермен безендірілді. Сондай-ақ, Сайрам және Қызылсу тұрғын алаптарында биіктігі 20 метрлік мемлекеттік ту орнату жұмыстары жүргізілуде.

Қаратау ауданындағы бұл бастамалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, қаланың экологиялық және эстетикалық келбетін арттыруға бағытталған. Нәтижесінде, Шымкенттің ең жас әрі қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірі заманауи, жайлы және әсем ортаға айналып келеді.

Бөлісу