2021-2023 жылдары 2000-нан аса жұмыс орнымен тағы 23 жобаны іске қосу жоспарлануда.
Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ және «AZALA Textile» ЖШС жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында өзара бірлескен меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазіргі таңда «Оңтүстік» АЭА-да 25 жоба іске қосылып, жалпы 2293 жұмыс орны құрылған. Ал 2021-2023 жылдары 2000-нан аса жұмыс орнымен тағы 23 жобаны іске қосу жоспарлануда.
Осы орайда орталық өкілдері қаладағы ең үлкен кәсіпорындарының біріне айналған тоқыма фабрикасының басшылығымен кездесті. «AZALA Textile» ЖШС сырттан шикізат сатып алмай, өз өнімін өзі толық қамтамасыз етуге қауқарлы. Мақта зауыты мен жіп, мата дайындау цехы толық қуаттылықпен жұмыс істеп тұр.
Кездесуде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігі түсіндіріліп, «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс» бағыттарына мемлекет есебінен ақылы жұмыстарға жұмыссыз азаматтарды тарту мақсатында келісім жүргізілді.
– Кәсіпорын толық қуаттылықпен жұмыс істеуі үшін саланың қыр-сырын білетін кәсіби кадрлар керек. Бүгінде мамандар аз, жұмысшылар келсе өзіміз үйретеміз. Өндіріс орнына тоқымашылар, тігіншілер, операторлар және дизайнерлер жетіспейді, – дейді кәсіпорын директоры Жанар Көшерова.
Техникалық мамандық иелерін кәсіпорынға тартуды көздеген тоқыма фабрикасының өкілдері мемлекеттік бағдарламаның тиімділігіне қызығушылық танытып, алдағы уақытта керекті мамандарды жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастыруды жүзеге асырмақ.
Айта кетсек, тоқыма фабрикасы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Компания жеңіл тоқыма өнімдерін өндіреді. Көрпе тыстары мен жастық, сүлгілер, ақжаймалар мен басқа да тұрмыстық жағдайға қажет бұйымдар шығарады.