"V ислам ынтымақтастық ойындары": Шымкенттік спортшы әйелдер күресінен жеңімпаз атанды

0
559

Дүбірлі додада 56 елден 4200 спортшы бақ сынауда.


Шымкенттік спортшы "V ислам ынтымақтастығы ойындарында" әйелдер күресінен жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ағымдағы жылдың тамыз айының 05-19 күндері аралығында Түркияда V ислам ынтымақтастығы ойындары басталды. Исламиаданың ашылу рәсіміне бірнеше елдің президенттері келіп, Қазақстан байрағын шпагашы Ерлік Сертай көтеріп шыққан болатын.

Дүбірлі додада 56 елден 4200 спортшы бақ сынауда. Қазақстан намысын 125 спортшы спорттың 16 түрінен қорғауда.

Шымкенттік Елена Шалыгина спортшымыз 65 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Сонымен қоса, Арли Чонтей (Шымкент қаласының өкілі) ауыр атлетикадан 55 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ қазақстандық жүзуші Аделаида Пчелинцева Түркияның Конья қаласында өтіп жатқан V Ислам ынтымақтастығы ойындарының чемпионы атанды.

Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру істері комитеті жанындағы Спортты дамыту дирекциясы Instagram парақшасы хабарлады.

Финалда Аделаида Пчелинцева 50 м қашықтықты 31.71 секунд уақытта бағындырып Ислам ойындарының рекордын жаңартты.

"Ел қоржынында 13-інші алтын медаль және Ислам ынтымақтастық ойындарының рекорды!Отандасымыз өзінің шеберлік деңгейін көрсетіп, ойындарда қарсылас шақ келтірмей, Түркия елінің спортшылары Гюнеш пен Саманчиді жеңіп, алтын олжалады", - делінген дирекция хабарламасында.

Айта кетейік, осыған дейін отандық спортшылар екі Ислам ынтымақтастық ойындарына қатысып, 2017 жылғы ІV Ислам ынтымақтастық ойындарына Қазақстан құрамасы қатарында 7 спорт түрінен 35 спортшы өнер көрсетіп, нәтижесінде 2 алтын, 5 күміс, 12 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 14 орынға орныққан болатын.

Еске сала кетейік, V Ислам ынтымақтастық ойындары 2021 жылы өтуі керек еді, бірақ пандемияға байланысты 1 жылға кейінге қалдырылды.