Шымкент қаласында заң талаптарына қайшы түрде берілген жер учаскесінде салынған құрылыс нысаны сот шешімі негізінде толықтай бұзылды.
ERNUR.KZ. Бұған дейін қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тарапынан «REAL PACK» ЖШС-не тиесілі құрылыс нысанына жоспардан тыс тексеру жүргізілген болатын. Тексеру нәтижесінде, Әл-Фараби ауданы, Бейбітшілік көшесі №3А мекенжайында орналасқан, "Қиял әлемі" саябағына іргелес аумақта орналасқан жалпы көлемі 0,9326 гектар жер учаскесі Қазақстан Республикасының Жер кодексі талаптарын бұза отырып берілгені және онда рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жұмыстары жүргізілгені анықталды.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты басқарма тарапынан сотқа талап-арыз жолданды. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен аталған нысанды бұзу туралы талап-арыз қанағаттандырылып, заңсыз салынған 5 қабатты ғимаратты бұзу туралы шешім қабылданды.
Сот шешімі толығымен орындалды. Сонымен қатар, нысан иесіне әкімшілік жауапкершілік жүктеліп, тиісті айыппұл салынды.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, заңсыз құрылыс жұмыстарын болдырмау және жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.