Кадеттер үшін полицейлердің үлгісі бойынша нысанды киім әзірленіп, тігілгенін атап өткен жөн. Сынып бөлмесі арнайы стендтермен және жабдықтармен жабдықталған.
“Заң мен тәртіп” қағидаты аясында Шымкент қаласындағы Молда Мұса атындағы №5 жалпы орта білім беретін мектепте ерекше маңызы бар жаңа оқу сыныбының салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.
Бұл күн — мектеп тарихындағы айрықша оқиға ғана емес, жасөспірімдердің азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды.
Салтанатты іс-шара барысында тоғызыншы сыныптың бір топ оқушылары арнайы рәсім арқылы кадеттер қатарына қабылданып, “Жас сақшы” деп аталатын жас полицейлер сыныбының толыққанды мүшелері атанды. Мұндай сыныптың ашылуы – жас буынға ерте жастан әскери-патриоттық тәрбие беру, құқық қорғау органдарының қызметіне қызығушылығын арттыру және кәсіби бағдар беру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Жобаның басты мақсаты – оқушылардың тәртіп пен жауапкершілік туралы түсінігін тереңдету, құқықтық мәдениетін қалыптастыру және келешекте мамандық таңдауға қолдау көрсету. Осы бастаманың аясында балалар полицей мамандығының қыр-сырын үйреніп, құқықтық тәртіпті сақтау жолындағы қызметтің ерекшелігі туралы жан-жақты білім алатын болады.
Іс-шараға Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мәулен Ахметов арнайы қатысып, кадеттерді құттықтады. Ол өз сөзінде мектеп қабырғасында осындай бағыттағы сыныптың ашылуы — жасөспірімдердің бойында отаншылдық қасиеттерді қалыптастырудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Сонымен қатар, ата-аналар мен мұғалімдер қауымы да жаңа бастаманың маңызын атап, балаларға тек оқу үлгерімінде ғана емес, азаматтық ұстанымын қалыптастыруда да үлкен серпін беретініне сенім білдірді.
Айта кету керек, “Жас сақшы” кадет сыныбына арналған нысанды киім полицейлердің формасына ұқсатып арнайы әзірленіп, тапсырыспен тігілген. Бұл балалардың жаңа мәртебесін сезінуіне, өздерін тәртіп сақшыларының жас өкілі ретінде қабылдауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сынып бөлмесі де толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталып, арнайы оқу-әдістемелік стендтер мен көрнекіліктер орналастырылған.
Жас кадеттер болашақта құқықтық тәртіпті сақтау, ел тыныштығын қорғау жолында қызмет етуді армандайды. Мұндай сыныптың ашылуы олардың осы бағыттағы алғашқы қадамы болып саналады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл балалар ертең елге адал қызмет ететін, тәртіп пен заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасатынына толық сенім бар. Өйткені олар бүгіннен бастап дұрыс жолға түсіп, болашақ мамандыққа дайындықты ерте бастан қолға алып отыр.


