Қазіргі уақытта 700-ге тарта жас жолдама алды.
Шымкент қаласында 2022 жылы «Жастар практикасына» 2098 жасты қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ
Қазіргі уақытта 700-ге тарта жас жолдама алып, олар барған жерлерінде еңбек етуде.
Шымкентте жоғары немесе арнаулы орта оқу орнын тәмамдап, мамандығы бойынша жұмысқа орналасып жатқан жастар аз емес. Солардың бірі шымкенттік - Гүлнәр Асылова. Ол 2019 жылы қаладағы М.Сапарбаев атындағы “Парасат” колледжін “Дизайнер” мамандығы бойынша бітірген. Алайда, мамандығы бойынша жұмыс таппай жекеменшік балабақшалардың бірінде күтуші болып жұмыс істеген. “Жастар практикасы” бағдарламасы туралы халықты жұмыспен қамту орталығының instagram парақшасынан оқып, құжат тапсырған. Содан соң, Гүлнәрға осы жылдың ақпан айында Шымкенттегі дизайнерлік тігін шеберханалардың біріне жұмысқа жолдама берілген. Қазіргі таңда ол жұмыс жасайтын өндіріс орны тапсырыс арқылы түрлі киімдер тігеді.