«Жастар практикасы»: Биыл Шымкентте екі мыңнан астам жас жұмыспен қамтылады

0
785

Жыл басынан 1000-нан астам жас жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, тиісті жұмыс орындарына жолдама алған.


«Жастар практикасы»: Биыл Шымкентте екі мыңнан астам жас жұмыспен қамтылады
Биыл Шымкент қаласында «Жастар практикасы» бағдарламасымен 2098 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директоры Әсет Шағдат Әсетұлы брифинг барысында мәлімдеді.
«Өздеріңізге белгілі, «Жастар практикасы» елімізде біраз жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан ауқымды бағдарлама. Еліміз бойынша, оның ішінде Шымкентте аталған бағдарламаға қатысып, мамандығы бойынша жұмысқа жолданып, тұрақты жұмысқа орналасып жатқан жастар өте көп. Мысалы, 2021 жылы Шымкентте 2500-ден астам жас «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа жолданған болса, олардың 1300-дейі барған жерлерінде тұрақты жұмысқа орналасқан», - деді спикер.
Спикердің сөзінше, ағымдағы жылы аталған бағдарламамен 2098 жасты қамту жоспарланып отыр. Жыл басынан 1000-нан астам жас жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, тиісті жұмыс орындарына жолдама алған. Қазіргі таңда олар өздерінің мамандықтары бойынша жұмыс істеуде.
Айта кету керек, «Жастар практикасы» - уақытша жұмыс орны оған 29 жастан аспаған «жұмыссыз» мәртебесі бар және соңғы үш жыл ішінде (2020, 2021, 2022 ж) жоғарғы оқу орындары мен колледждердің техникалық және кәсіби білім түлектері қатыса алады.
Бүгінгі таңда «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жалақы мөлшері 91 890 теңгеге көтерілді. Бағдарламаға қатысу мерзімі 12 айға дейін ұзартылған (бұрын 6 ай болатын).

Брифинг барысында жалпы кәсіптік оқытуларға жолдама беру туралы да сөз қозғалды. Әсет Шағдат Әсетұлы кәсіптік оқытуларға жолдама шілде айының басынан бастап беріле бастағанын айтты. Кәсіптік оқытудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктерінен шыға отырып 3 ай мерзімді құрап отыр.

2022 жылы «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында жұмыс берушілердің сұратуы бойынша оқу ұйымдарында жұмыссыз 1632 азаматты оқыту жоспарлануда. Оның 832-сі жастар. Сонымен қатар, «Жұмыссызды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру» бойынша 760 азаматты оқыту жоспарланса, оның 220-сы жастар санатындағылар екендігін жеткізді.
2021 жылы Шымкент қаласы бойынша нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының І-бағыты аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2500 азамат жолданды. Оларды 25 білім беру мекемесі 31 мамандық бойынша оқытқан болатын.
Сондай-ақ, skills.enbek.kz онлайн режимде кәсіптік оқыту платформасында 9 наурыздан бастап қолданыстағы функционал оңтайландырылды және жаңа сервистер іске қосылды. Қазақстандықтарға кәсіби өсу және дағдыларды арттыру мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін платформада курстарды іздеу жетілдірілді, сабақтардың түсінікті құрылымы құрылды, оқыту процесін қадағалау және курс авторларымен жылдам өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі бар. Бұл сертификат enbek.kz электрондық еңбек биржасында тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Түйіндемені қарау кезінде әлеуетті жұмыс беруші skills.enbek.kz-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көретін болады. https://skills.enbek.kz/ онлайн платформасында Шымкент қаласы бойынша 1976 азаматты оқыту көзделсе, олардың 998-ы жастар болмақ.
Биылғы жылы жұмыс берушілердің сұратуына сәйкес, оқу ұйымдарында жұмыссыздарды кәсіптік оқытуды ұйымдастыру бойынша 74 жұмыс берушіден 29 мамандық бойынша өтінім түсті.

Айта кету керек, 2022 жылы оқуға жолданғандардың шәкіртақысы адам басына 20 948 теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, 6 126 теңгені құрайтын бір реттік материалдық көмек те қарастырылған.