«Жастардан-жастарға ақпараттық керуені»: Шымкентте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

0
757

Жәрмеңкеде топ мүшелері жұмыссыз жүрген тұрғындар мен жас мамандарға жұмыспен қамту, тұрғын үй және кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен ақпарат берді.


«Жастардан-жастарға ақпараттық керуені»: Шымкентте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Шымкентте 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні қарсаңында «Жастардан-жастарға ақпараттық керуені» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған іс-шара Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті.

Жәрмеңке Еңбекші ауданына қарасты шалғайда орналасқан Тоғыс елді мекені Мұнайбарлаушылар ауласында өтті. Ақпарттық керуенге «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің мамандары, «Отбасы банк» және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мобильді топтары қатысты. Жәрмеңкеде топ мүшелері жұмыссыз жүрген тұрғындар мен жас мамандарға жұмыспен қамту, тұрғын үй және кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен ақпарат берді.

Жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов шалғай елді мекендерінде ұйымдастырылып жатқан жобаның мақсаты – NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету деп атап өтті.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі төрт ауданға қарасты шалғайда орналасқан елді мекендердің бәрін қамтитын болады. Мемлекеттік бағдарламалар аудан тұрғындары мен жастар арасында кеңінен насихатталып, тізімге сәйкес бос жұмыс орындары ұсынылады. Жәрмеңкеде жастар өз түйіндемелерін ұсынып, жұмыс беруші мекемелермен өзара келісімшарт түзеді. Мамандығы бойынша жұмыс іздеп жүрген жастарға «Қоғамдық жұмыс», «Жастар практикасы» бағдарламалары арқылы жұмыс ұсыналады. Жоғары білімі жоқ жастар да жұмыспен қамтылады. Өзі қалаған курсқа қатысып, білім алып, қолына сертификат табысталады. Сертификат алған соң жас маман өз кәсібін аша алады, - деді М.Исахов.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келген Айжан Ералы Жастар практикасымен тұрақты жұмысқа орналасқанын айтып, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Тоғыста жәрмеңке өтетінін естіп, жұмыссыз жүрген құрбыларымды ертіп келдім. Оларға тұрақты жұмысқа орналасуына көмегімді тигізсем деймін. Мемлекеттік бағдарламалар жастардың болашағына зор септігін тигізіп, білікті маман болуына үлкен мүмкіндік береді, - деді Айжан Ералы.