Жүрек қан тамыры 99 пайызға тарылған науқас дәрігерлердің арқасында аман қалды

0
69

Шымкент қаласында жыл басынан бері 3 500-ге жуық коронарографиялық зерттеу жүргізіліп, 2 мыңнан астам науқасқа стенттеу операциясы жасалған.


  Жүрек қан тамыры 99 пайызға тарылған науқас дәрігерлердің арқасында аман қалды

Шымкентте жүрек қан тамыры 99 пайызға дейін тарылған 63 жастағы әйел аман қалды. Жүрек орталығының дәрігерлері науқастың екі ірі қантамырына дер кезінде стент орнатып, қан айналымын қалпына келтірді. Ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жасалған.

Кеудесін ауырсынған пациент өзі тіркелген емханадағы кардиологқа қаралған. Дәрігердің жолдамасымен Жүрек орталығында коронарографиялық зерттеуден өтеді. Тексеру барысында жүректің екі ірі қан тамырында айтарлықтай зақымдану бары анықталып, бір тамырдың 99 пайызға дейін бітелгені белгілі болған. Ангиографиялық зерттеу бөлімінің меңгерушісі Исабек Керімқұлов зақымдалған тамырларға стент орнату арқылы қан айналымын қалпына келтірді. Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы, дәрігерлердің бақылауында.
Жүрек-қан тамырларының ауруы әлем бойынша өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі саналады. Әсіресе, жүректің ишемиялық ауруы мен жедел коронарлық синдром кезінде ауруды дер кезінде анықтап, қажет емді уақтылы жүргізу маңызды.
Шымкент қаласында жыл басынан бері 3 500-ге жуық коронарографиялық зерттеу жүргізіліп, 2 мыңнан астам науқасқа стенттеу операциясы жасалған. Коронарография жүрек қан тамырларының жағдайын анықтауға мүмкіндік берсе, стенттеу олардың тарылған немесе бітелген бөліктеріндегі қан айналымын қалпына келтіруге бағытталған.
Айта кетейік, медициналық көрсетілімдер болған жағдайда коронарография мен стент орнату операциялары МӘМС жүйесі есебінен қаржыландырылады. Дер кезінде жасалған ота – жүрекке қалыпты соғыс, сапалы өмір сыйлайды.
Бөлісу