«2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына арналған өрт профилактикалық жұмыс» жоспарын бекітілген болатын.
Шымкент қаласында 2024-2025 жылғы жылыту маусымы қарсаңында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында «Өрт қауіпсіздік айлығы» өткізілді.
Бұл шара тұрғын үй секторында төтенше жағдайлардың алдын алу үшін ұйымдастырылып, өрт қаупін азайтуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды.
Бұл туралы бүгін Өңірліу коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі - Ережепова Эльмира Уалиханқызы баяндады.
Эльмира Уалиханқызының айтуынша, өткен маусымда, 2023-2024 жылдары, қатты отын пайдаланғанда улы газбен уланудың 5 жағдайы тіркеліп, 4 адамның өмірі қиылған. Бұл көрсеткіш 2022-2023 жылдармен салыстырғанда 44%-ға төмендегенімен, жарақат алғандардың саны артыппты. Осыған байланысты, жергілікті билік тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жаңа жылыту маусымы алдында сақтық шараларын қайта қараған.
8 тамызда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А. Кәрімов «2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына арналған өрт профилактикалық жұмыс» жоспарын бекіткен болатын. 16 тамызда өткен қаладағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысында құзырлы органдарға нақты тапсырмалар беріліп, шаралар хаттамаға енгізілген еді.
Шымкентте жылыту маусымы қарсаңында өрт қауіпсіздігін күшейту шаралары қарқын алды. Төтенше жағдайлар департаменті қаладағы табиғи газға қосылмаған және пропан газбалондарын қолданатын 22 жатақханада қауіпсіздік бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Барлық тұрғындарға арнайы жадынама парақшалары таратылды.
Қатты отын пайдаланатын 3500-ден астам тұрғын үйге де ерекше назар аударылып, өрттің
алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында өрт қауіпсіздігі мен ауланы күтіп ұстау мәселелері талқыланған дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Ал «Үлгілі үй» байқауында «Дендропарк» тұрғын үй кешені үздік деп танылып, өрт қауіпсіздігін сақтаудағы үлгісін көрсетті. Кинотеатрларда өрт қауіпсіздігі тақырыбында 10 арнайы бейнеролик көрсетілсе, ЛЭД экрандарда 25 бейнеролик жарияланған. Сондай-ақ, «Жатақхана» және «Оттан сақ бол» акциялары аясында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілуде екендігін айтып өтті Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ережепова Эльмира Уалиханқызы.