Қазақстандық спортшыларды дайындауға 600-ге жуық жаттықтырушы жұмылдырылған.
Фото: ҚР ҰОК
ERNUR.KZ. Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Жоламан Биғабыл Жапонияның Айти–Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында жеңімпаз атанды, деп жазады baq.kz.
Каратэден кумитэ бағдарламасының 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалда қазақстандық спортшы Өзбекстан өкілі Х. Халимовпен кездесті. Жоламан Биғабыл шешуші жекпе-жекті сенімді өткізіп, 9:1 есебімен жеңіске жетіп, Азия ойындарының алтын медалін иеленді.
Қазір WKF каратэ Қазақстандағы бұқаралық спорт түрлерінің біріне айналды. Бұл спорт түрі еліміздің 20 өңірінде дамып келеді. Онымен шұғылданатындардың жалпы саны 77 мыңнан асады, оның шамамен 25 мыңы – әйелдер.
Спортшыларды даярлауға 600-ге жуық жаттықтырушы атсалысады. Олардың 140-ы ауылдық жерлерде жұмыс істейді.
Сондай-ақ елімізде жыл сайын Kazakhstan Open халықаралық турнирі өткізіледі. Жарыс жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия және әлем чемпионаттарына қатысушыларды іріктеудің ішкі рейтингтік жүйесіне енгізілген.
Жоламан Биғабылдың жеңісі Қазақстан каратистерін жүйелі түрде даярлау және спорттың өңірлерде дамуы бағытындағы жұмыстардың кезекті нәтижесі болды.


