БҚО-да әлем чемпионына пәтер кілті табысталды

0
1 237

Жас чемпионның отбасы Ресейден көшіп келген.


БҚО-да әлем чемпионына пәтер кілті табысталды

ERNUR.KZ. Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев дзюдодан әлем чемпионы Нұрлан Исатаевты қабылдады, деп жазады zakon.kz.

Ол күні кеше Хорватияның Загреб қаласында өткен кадеттер арасында дзюдодан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Облыс әкімі жас спортшының бұдан да биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді.

– Өзіңдей жастар - ел мақтанышы. Сен тек облыс атын ғана ұлықтамай, қазақ елін әлемге танытасың. Біз сені мақтан етеміз деп, – сөзін сабақтаған облыс әкімі жас чемпионға пәтер кілтін табыс етті.

Әлем чемпионы атанған Нұрлан Исатаев Қазақстан құрамасында 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. 23-27 тамыз аралығында өткен бұл біріншілікке әлемнің 64 елінен 570-тен астам спортшы қатысты. Іріктеу кезеңінде ол Түркіменстан, Армения және АҚШ-тың қарсыластарын жеңді. Өз тобында бірінші орын алған Нұрлан жартылай финалда отандасы Оралбек Байзақпен кездессе, финалда грузиялық Мераби Самадашвилимен кездесіп, белдесу қосымша уақытқа өтіп, жерлесіміз мықтырақ болып шықты.

Жас чемпионның отбасы Ресейден көшіп келген. Ол Қазақстанның азаматтығын наурыз айында алыпты. Ол биылдан бастап олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің 10 сыныбына қабылданған.

Нұрлан Исатаев Батыс Қазақстан облысынан шыққан дзюдодан тұңғыш әлем чемпионы.

"Өте қуаныштымын. Облыс әкімдігі тарапынан ерекше қолдау көрсетілуде. Мен ел үмітін ақтап, әлемге танымал болғым келеді" дейді жас чемпион.

Салтанатты кездесуде Нұрлан Исатаевтың жаттықтырушысы Алтынбек Сұпығалиевке бір миллин теңге көлемінде қаржылай сыйлық берілді.