Динара Сәдуақасова Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына қатысудан бас тартты

0
658

28 шілде мен 10 тамыз аралығында Үндістанның Ченнай қаласында шахматшылардың 44-ші Олимпиадасы өтеді.


Динара Сәдуақасова Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына қатысудан бас тартты

ERNUR.KZ. Динара Сәдуақасова Үндістанда өтетін дүниежүзілік шахмат олимпиадасына қатысудан бас тартты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Осы жазда мен Үндістанда өтетін Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына қатысудан бас тарту туралы шешім қабылдадым. Бірқатар міндеттемелерге байланысты жауапты шараға дайындала алмадым. Дегенмен алдағы жарыстарға міндетті түрде қатысамын деген сенімдемін. Бұл үшін негізгі фактор - оқытудың тиісті деңгейіне қажетті барлық ресурстың жеткілікті мөлшері», - дейді Динара Сәдуақасова.

Шахматшы қыз жарысқа қатысатын спортшыларға сәттілік тіледі.

«Әрине, бүгін мен барша қазақ спортшыларына күш-қуат, сәттілік тілеймін. Әріптестерімнің абыроймен өнер көрсетіп, жоғары кәсіби шеберліктерін көрсете алатынына сенімдімін»,- деп жазды Динара Сәдуақасова.

Бұған дейін шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының жаттықтырушысы Александр Моисеенко алдағы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында команда алдында үздік үштікке ену міндеті тұрғанын айтқан болатын.

28 шілде мен 10 тамыз аралығында Үндістанның Ченнай қаласында шахматшылардың 44-ші Олимпиадасы өтеді.