Марадона Ресейде өтетін әлем чемпионатына журналист ретінде келеді. Ол Венесуэланың Telesur мемлекеттік арнасынан шығады.
Диего Марадона (2016 жылғы сурет)
Әйгілі аргентиналық футболшы Диего Марадона Беларусьтің "Динамо-Брест" футбол клубының басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы клуб твиттерінде хабарланды.
"Марадона үш жылдық келісім-шартқа қол қойды. Ол клубтың стратегиялық дамуы мәселелерімен айналысады, сонымен бірге оның барлық салалас бөлімдерінің, балалар академиясының жұмысына да араласады. Диего бұл қызметке Ресейдегі әлем чемпионаты аяқталған соң кіріседі", – делінген хабарламада.
"Сенім білдіргенімдеріңізге рахмет", – деп жазды Марадона Instagram'да.
Марадона Ресейде өтетін әлем чемпионатына журналист ретінде келеді. Ол Венесуэланың Telesur мемлекеттік арнасынан шығады.
Диего Марадона Аргентина құрамасында ойнады, 1986 жылы әлем чемпионы атанды, "Барселона", "Наполи", "Севилья" клубтарында өнер көрсетті. ФИФА сайтындағы дауыс беру нәтижесі бойынша XX ғасырдың үздік футболшысы болып танылды.
2008–2010 жылдары Марадона Аргентина құрамасын жаттықтырды, команда әлем чемпионатының ширек финалына дейін жетті. Соңғы мәрте 57 жастағы Марадона Біріккен Араб Әмірлігінің ”Әл-Фуджайра” клубында жұмыс істеген, ол жерден сәуір айының аяғында кетті.
Брест футбол клубы 1960 жылы құрылған. Екі жыл бұрын мұнда БАӘ-нен инвесторлар келді, жаңа менеджерлер мен ойыншылар пайда болды, сонымен бірге футбол академиясы ашылды.