Елена Рыбакина Майами турнирінің финалында жеңіліп қалды

0
1 364

Бірінші партияда есеп 6:5 болған мезетте америкалық теннисші брейк жасап кетті – 7:5.


Елена Рыбакина Майами турнирінің финалында жеңіліп қалды

ERNUR.KZ Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Майами (АҚШ) WTA 1000 турнирінің финалында корт иесіне жол берді, деп жазады kaz.inform.kz.



Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 53-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинзбен чемпиондық атаққа таласты.

Д.Коллинз 2022 жылы Аустралия ашық чемпионатының финалына дейін жетіп, әлемдік рейтингіде 7-орынға дейін көтерілген еді.

Осыған дейін қарсыластар төрт рет кездесіп, соның үшеуінде Рыбакина басым түскен болатын.

Бірақ бұл жолы туған жері – Флорида штатында ойнағандықтан, Коллинздің барын салатыны анық-ты.

Оның үстіне бұл осындай ірі жарыстың финалына алғаш рет шығып отырған 30 жастағы Даниэльдің спорттық жолындағы соңғы мүмкіндіктерінің бірі деуге болады.

Өйткені ол биылғы маусым соңында ойыншы ретінде мансабын аяқтайтынын мәлімдеген еді.

Коллинз Майамиде өзінің бабында екендігін көрсетсе, соңғы бәсекеге дейін аса тартысты матчтарды өткізген Рыбакинаның әлдеқайда көп күш жұмсағаны әсер етпей қоймасы белгілі болатын.

Бірінші партияда есеп 6:5 болған мезетте америкалық теннисші брейк жасап кетті – 7:5.

Коллинз екінші сетте де 2:0 есебімен алға шықты.

Елена таразы басын теңестіргенімен, Даниэль қайта брейк жасады – 5:3. Содан кейін төртінші матчболын мүлт жіберген жоқ – 6:3.

Екі сағат 2 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 5 эйс жасағанымен, 10 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды.

Есесіне қарсыласы 4 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды.

Осылайша, Елена Рыбакина екінші жыл қатарынан Майами турнирінің финалында ұтылып қалды. Өткен жылы ол чехиялық Петра Квитоваға есе жіберген еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Испаниядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.