Адам сенгісіз соққы.
ERNUR.KZ. 2018 жылғы футболдан әлем чемпионатының үздік голының авторы Франция құрамасының оң қапталдағы қорғаушысы Бенджамен Павар атанды.
Ресейде өткен футбол додасының 1/8 финалдық ойынында Франция құрамасының қорғаушысы Бенжамен Павардың голы турнирдің ең үздігі атанды. Бұл туралы Халықаралық футбол федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Айта кетейік, бұл гол Аргентина құрамасының қақпасына ойынның 57-минутында салынған болатын. Франция – Аргентина матчы 4:3 есебімен аяқталған еді.
Бенджамен Павар ойыннан соң журналистерге: «Доп алаңда ұшып жүрді. Ойланатын уақыт жоқ еді. Доп дәл бағытталуы үшін денемді дұрыс қоюға барынша тырыстым. Маған шабуылшылар "ұшып келген жеріне қайтару жолы осындай" деп түсіндіретін. Бұл әрекетті автоматты түрде жасадым және гол болғанда қатты қуандым», - деген болатын.