Іші өтіп кеткеніне қарамастан жарысты тоқтатпаған спортшының жеңісі дауға ұласты

0
111


Іші өтіп кеткеніне қарамастан жарысты тоқтатпаған спортшының жеңісі дауға ұласты

Фото: Mothership

ERNUR.KZ. Аустралиялық HYROX спортшысы, әлем рекордшысы Йоанна Ветшик Бейжіңде өткен жарыстан кейін қызу талқыға түсті. 20 жастағы атлет жарыс кезінде ішек-қарын қызметі бұзылып, ауыр жағдайға тап болғанына қарамастан, сайысты тоқтатпай, мәреге бірінші болып жеткен, деп жазады stan.kz.

Алайда спортшының жеңісі емес, оның жарысты жалғастыру туралы шешімі қоғам назарын аударды.

Жарыстан бас тартпаған

Мельбурн тұрғыны Йоанна Ветшик HYROX бойынша әлемдегі ең мықты жас спортшылардың бірі саналады. Биыл сәуірде Варшавада әйелдер арасындағы жекелей сында 54 минут 25 секунд нәтижемен әлем рекордын орнатқан.

Бейжіңдегі жарыста ол 16–24 жас аралығындағы элиталық санатта сынға түсіп, 1 сағат 1 минут 23 секундта мәреге жетіп, алтын медаль иеленді.

Алайда жарыс барысында спортшының денсаулығы күрт сыр берген. Соның салдарынан оның киімі мен денесіне ғана емес, жарыс кезінде қолданылатын ортақ құралдарға да нәжіс жағылған.

Осыған қарамастан Ветшик жарысты тоқтатпаған.

Мәре сызығын кесіп өткеннен кейін ол Instagram парақшасына тамырдан дәрі алып жатқан сәтінен сурет жариялаған. Кейін бұл жазбасын өшіріп тастаған.

“Бар күшіңді сал немесе үйіңе қайт... Жеңіс деген – жеңіс. Ал шынымен айтсам, қолдау білдіргендеріңізге рақмет. Жақында қайта ораламын”, – деп жазған ол.

Спортшылар наразылық білдірді

Оқиғадан кейін HYROX қауымдастығында қызу пікірталас басталды. Кейбір қатысушылар ластанған жүгіру жолағы мен жаттықтырғыштарды пайдалануға мәжбүр болғанын айтып, мұның жай ғана спорттық жағдай емес, тазалық пен денсаулыққа қатысты мәселе екенін алға тартты.

Жарыс ережесіне сәйкес, түкіру, майлықсыз сіңбіру немесе қоқыс тастау үшін спортшыға айып уақыты қосылуы мүмкін. Ал бұл жағдайда төрешілер жарысты тоқтатпаған.

Спортшы Бенджамин Амсаллем:

“Бұл – өзгелерді мүлдем сыйламау”, – деп пікір білдірген.

Ал Исайя Кинг есімді қолданушы HYROX жарыстарында дәретхана қарастырылғанын еске салды.

“Жарысты уақытша тоқтатып, кейін сол жерден жалғастыруға болады. Ол үшін қатысушылардың аяғында арнайы бақылау құрылғысы бар. Дисквалификация қажет болмауы мүмкін, бірақ мұндай жағдайда үзіліс жасау міндетті болуы керек”, – дейді ол.

Тағы бір спортшы Геррод Гейнс жарыс ережесін қайта қарау қажет деп санайды.

“Ол соншалықты жылдам спортшы. Дәретханаға барып келсе де, бәрібір жеңіске жетуі әбден мүмкін еді”, – дейді ол.

Желі қолданушыларының да пікірі екіге жарылды. Бірі спортшының төзімділігіне таңғалса, енді бірі мұны қоғамдық денсаулыққа қауіп төндіретін жағдай деп бағалаған.

“Бұл жерде әңгіме енді спорттық мінез немесе жеңіске деген жігер туралы емес. Бұл – қоғамдық денсаулық мәселесі. Әлем рекордшысы бола тұра, осындай жағдайдан кейін “жеңіс деген – жеңіс” деп жазу – шектен шығу”, – делінген желідегі пікірлердің бірінде.

Ұйымдастырушылар не деді?

HYROX ұйымдастырушылары оқиғадан кейін арнайы мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, ластанған спорттық құралдар бірден қолданудан алынып, жарыс жолының тиісті бөліктері жабылған. Артынша аумақ толық залалсыздандырылған. Сондай-ақ келесі жарыс күніне дейін кілем жабындысын толығымен ауыстыру жоспарланған.

HYROX деген не?

HYROX – жүгіру мен функционалдық жаттығуларды біріктіретін халықаралық жарыс түрі.

Қатысушылар 1 шақырымнан сегіз рет жүгіріп, әр айналымнан кейін түрлі күш жаттығуларын орындайды. Олардың қатарында ескек есу тренажері, ауыр шананы итеру және тарту, берпи, гір көтеріп жүру, ауыр қаппен алға адымдау және медициналық допты нысанаға лақтыру секілді тапсырмалар бар.

Мұндай аса жоғары физикалық жүктеме кезінде ағзаға айтарлықтай күш түседі. Кей спортшыларда асқазан-ішек жолының жұмысы бұзылуы да мүмкін.