Қазақстан 2028 жылы УЕФА Суперкубогын қабылдайды

0
112

Қазақстан мұндай деңгейдегі матчті алғаш рет қабылдағалы отыр.


Қазақстан 2028 жылы УЕФА Суперкубогын қабылдайды

Фото: lireshetnik09/depositphotos.com

ERNUR.KZ. УЕФА 2028 жылғы Еуропа Суперкубогы өтетін орын ретінде Астананы таңдады, деп жазады tengrisport.kz.

Дәстүр бойынша бұл матчте Еуропа лигасы мен Чемпиондар лигасының жеңімпаздары өзара бақ сынайды. Кездесу тамыз айының ортасында, еуропалық маусым басталар алдында өткізіледі.

"Қазақстанда мұндай деңгейдегі матчтың өтуі – бүкіл отандық спорт үшін тарихи оқиға. "Астана Арена" стадионының инфрақұрылымын қайта жаңарту және жоспарлы жаңғырту жұмыстары аренаның ірі еуропалық финалдарды өткізуге қойылатын УЕФА-ның қатаң регламенттік талаптарына толық сәйкес келуін қамтамасыз етеді", - делінген ҚФФ баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

Айта кетейік, Қазақстан мұндай деңгейдегі матчті алғаш рет қабылдағалы отыр.

Осы маусымда алғашқы еуропалық трофей үшін "Пари Сен-Жермен" және "Астон Вилла" командалары таласқа түсті.

Естеріңізге сала кетейік, UEFA баспасөз қызметі өткен жылдың қарашасында Қазақстан еуропалық клубтық футболдағы маңыздылығы жағынан үшінші орында тұрған Конференциялар лигасының финалын Астана немесе Алматы қалаларында өткізуге өтінім бергенін хабарлаған болатын.

Енді 2027/2028 жылғы маусымда Чемпиондар лигасында жеңіске жеткен команданың Қазақстанға келетіні белгілі болды.

Еуропалық клубтық турнирлердің басқа финалдары қай стадиондарда өтеді?

УЕФА сайтындағы хабарламаға сәйкес, 2028 жылғы Чемпиондар лигасының финалы Мюнхендегі "Арена Мюнхен" стадионында (Германия), ал 2029 жылғы финал "Барселона" клубының өз алаңы - әйгілі "Камп Ноу" стадионында өтеді.

Сондай-ақ Конференциялар лигасының финалдарын "Ювентус" стадионы (Италия) мен "Пушкаш Арена" (Мажарстан) қабылдайтыны, ал УЕФА Суперкубогы матчі Астанадан бұрын "Йохан Кройфф Аренада" (Нидерланд) өтетіні жарияланды.

"Астана Арена": Қазақстандағы ең үлкен стадион

Айта кетейік, "Астана Арена" - Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері салынған төрт стадионның бірі. 2009 жылдың 3 шілдесінде ашылған бұл нысан 30 200 көрерменге арналған.

Арена жылжымалы шатырмен және жасанды көгалмен жабдықталған; оның құрылыс құны 100 миллионнан 150 миллион долларға дейін бағаланады.

Стадионды ауқымды жөндеу жұмыстары 2025 жылы аяқталды. Tengri Sport тілшісі жаңартылған аренаны сынақтан өткізді.