Қос тарап қол қойған құжат 2025 жылдың жаз мезгіліне дейін жарамды.
ERNUR.KZ. Португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду мен Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубымен арадағы келісім-шарт ресми түрде расталды, деп жазады Экспресс К.
Аталған басылымның мәліметіне сүйенсек, қос тарап қол қойған құжат 2025 жылдың жаз мезгіліне дейін жарамды. Яғни Роналду екі жылдан астам уақыт "Әл-Наср" клубының намысын қорғайды.
Сондай-ақ Криштиану өзінің мансабындағы соңғы өзгерістерге қатысты Instagram-дағы ресми парақшасында "Әл-Наср" клубының баспасөз қызметі жариялаған тың жаңалықты жүктепті.
“Бұл жай ғана тарих емес. Бұл біздің клубты одан да үлкен жетістікке жетуге шабыттандырып, лигамызды, ұлтымызды және болашақ ұрпағымызды, ұл-қыздарды өзінің ең жақсы жағынан көрсетуге шабыттандыратын келісімшарт. Криштиану, жаңа үйге қош келдіңіз”, — деп жазылған "Әл-Наср" клубының ресми парақшасында.
Айта кетейік, Роналду — Португалия Суперкубогының иегері, Англияның үш дүркін чемпионы, Англия Кубогының иегері, Чемпиондар Лигасының бес дүркін жеңімпазы, УЕФА Суперкубогының екі дүркін иегері, Еуропа чемпионы, Англия Суперкубогының иегері, ағылшын лигасы кубогының екі дүркін иегері, Италияның екі дүркін чемпионы.
Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатында Португалия құрамасында ойнаған Роналду бір гол соққан еді. Оның командасы турнирдің ширек финалына жетіп, Мароккодан жеңіліп қалды. Осылайша, Криштиану бес әлем чемпионатында гол соққан жалғыз ойыншы болды.