​Мақтааралдық қыз ММА тұжырымы бойынша бағын сынап жүр

0
1 930

"Халықаралық жарыстарда Қазақстанымыздың көк байрағын биікте абыроймен желбіретіп, Әнұранымызды шырқатсам деймін"


​Мақтааралдық қыз ММА тұжырымы бойынша бағын сынап жүр

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының тумасы Махсуда Джаппарова Сингапурдың «Marlions» жауынгерлік клубында ММА тұжырымы бойынша жаттығып, халықаралық деңгейдегі әмбебап жекпе-жек күрестердің женімпазы атанып жүр, деп хабарлайды осы өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.

Өзінің қарапайымдылығымен ерекшеленетін Махсуда Джаппарова Мақтаарал ауданына қарасты Дихан ауылының тумасы. Ауылдағы «Қажымұқан» атындағы жалпы орта мектебінде білім алған. Жастайынан спортқа жаны құмар қыз мектеп қабырғасында жүргенде-ақ үстел теннисі бойынша бірнеше аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген.

Мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне оқуға түсті. Ұстаздық жолды таңдай отырып спорттан қол үзбеген. Керісінше, сабақтан қолы босай қалса жекеменшік спорттық секцияларға барып, шұғылдануды жалғастыра берді. Спорттық үйірмелерде жүргенде де өзінің табандылығымен бапкерлер көзіне түсе бастаған. Оның қимыл-әрекетінің ширақтығына қарап, спортқа құштарлығының жоғары екендігін байқаған клубтың ММА тұжырымы бойынша бас бапкері Азада Анарметова оған бірге жұмыс жасап, спорттың осы түрінің қыр-сырын үйретуге ұсыныс жасайды.

Соңғы жылдары елімізде дамып келе жатқан спорттың әмбебап жекпе-жек күрес түрін таңдаған Махсуда оның әдіс-тәсілдерін бар ынтасымен үйренеді. Ол көптің көзіне түсіп, бірнеше рет халықаралық жарыстарға қатысады. Алғаш қадамынан-ақ жақсы нәтиже көрсете бастаған Махсуданы оқу орынындағылар да қолдап, жеңімпаз ретінде оның суреттері университеттің құрмет тақтасына және Шымкент қаласындағы билбордтарға ілінеді. Ол спорт шеберлігінен үміткер дәрежесіне жетіп, Ақтөбе, Алматы, Өзбекстанның астанасы Ташкент, Самарқанд қалаларында болып өткен республикалық және халықаралық турнирлерде үлкен жетістіктерге жеткен.

«Чемпион болу - арманым. Халықаралық жарыстарда Қазақстанымыздың көк байрағын биікте абыроймен желбіретіп, Әнұранымызды шырқатсам деймін», - дейді Махсуда.

Сингапурдың «Marlions» жауынгерлік клубының бапкерлері мақтааралдық қыздың бойындағы ерекше қабілетін байқап оны әуесқой спортшыдан кәсіпқой дәрежесіне жеткізді.

Осы жылдың басында алғашқы кәсіпқой жекпе-жегін өткізіп жеңіске жеткен Махсуда бүгінде үлкен ізденіс пен тынымсыз жаттығу үстінде.