Михаил Шайдоров Миландағы мұражайға ерекше тарту жасады

0
137

Чемпионның «ғарыштық» киімі әлемдік олимпиадалық мұраның бір бөлігіне айналды


Михаил Шайдоров Миландағы мұражайға ерекше тарту жасады

Фото: Olympic.kz

ERNUR.KZ. Қазақстан құрамасының көшбасшысы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Миландағы Олимпиада мұражайына тарихи алтын алған костюмін табыстады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің ақпарынша, салтанатты рәсім Миландағы конькимен жүгіру үйінде өтті. Бұл – Шайдоровтың Олимпиада төрінде өнер көрсеткен, елге алтын сыйлаған костюмі.

ҰОК мәліметінше, киім төртжылдықтың басты додасына арнайы әзірленген. Қазақстандық дизайнерлер терең көк түсті таңдап, ғарыш кеңістігін бейнелейтін айшықты шешім ұсынған. Костюм ерікті бағдарламада орындалған «Бесінші элемент» фильмінің атмосферасымен үндесіп, жұлдыздарға ұқсайтын жылтырақтармен толықтырылған. Сахнадағы қозғалыс пен музыкаға үйлескен бұл образ Шайдоровтың чемпиондық өнерінің ажырамас бөлігі болды.

Шараға International Skating Union президенті Ким Чжэ Ен, Миландағы Олимпиада мұражайы директорының орынбасары Ясмин Майхтри және Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті президенті, боксшы Геннадий Головкин қатысты.

Геннадий Головкиннің айтуынша, бұл – тек спорттық жәдігер емес, болашақ ұрпаққа жол көрсететін нышан.

«Костюмді Олимпиада мұражайына тапсыру миллиондаған адамдарға чемпионымыздың мұрасын көруге мүмкіндік береді. Бұл костюм жас спортшыларды армандауға және өз күштеріне сенуге шабыттандырады. Михаил, осы сыйлық үшін рахмет. Біз сіздермен мақтанамыз», — деді Геннадий Головкин.

Михаил Шайдоров бұл қадамды өзінің спорттық жолындағы айрықша белес ретінде бағалады.

«Менің арманымның бір бөлігі енді әлемдік олимпиадалық мұраның бір бөлігі болады. Бұл костюм олимпиадалық арманға апаратын жолдың символы. Ол олимпиадалық арманның шекарасы жоқ екенін және әрбір спортшы үлкен олимпиада тарихының бір бөлігі бола алатынын үлгі етсін», – деді мәнерлеп сырғанаушы.

Осылайша, Қазақстан спортындағы тарихи сәт енді Миландағы Олимпиада мұражайының экспозициясынан орын алып, әлемдік спорт шежіресіне тағы бір қазақстандық із қалдырды.