Олимпиаданы үш рет ұтқан ең мықты дзюдошы Қазақстанда жаттығуда

0
572

Спортшы маңызды жарыс алдындағы дайындығын Алматыда пысықтауды жөн көрген.


Олимпиаданы үш рет ұтқан ең мықты дзюдошы Қазақстанда жаттығуда

ERNUR.KZ. Дзюдодан Олимпиада ойындарының үш дүркін чемпионы франциялық Тедди Ринер Алматыда жаттығу жиындарына қатысып жатыр, деп жазады vesti.kz.

Спортшы маңызды жарыс алдындағы дайындығын Алматыда пысықтауды жөн көрген. 35 жастағы Ринер Алматыға 18 қаңтар күні келген, жоспар бойынша 30-на дейін жаттығу жұмыстарын жалғастырады.

Айта кетейік, француз спортшысы 2023 жылдың басында Алматыда оқу-жаттығу жиындарына қатысқан болатын. Сол жолы ол аса ауыр салмақтағы жиырмаға тарта Қазақстан дзюдошысымен спарринг жаттығулар өткізген.

Қазақстан дзюдошылары бұл жолғы оқу-жаттығу жиындарынан кейін Португалия және Парижде өтетін халықаралық жарыстарда бақ сынайды. Ал Ринердің жаттығу алаңы ретінде неліктен Алматыны таңдағаны белгісіз.

Айта кететін жайт, Тедди Ринер Лондон және Рио олимпиадасында жекелей сын бойынша чемпион атанса, Токиода командалық құрамамен топ жарды. Сондай-ақ, Бейжің және Токио олимпиадаларында аса ауыр салмақта қола медальға ие болған. Бұдан бөлек, ол әлем біріншіліктерінде оннан астам рет чемпион атанды. Еуропа біріншіліктерімен қатар, көптеген халықтаралық Гран-при, Гранд-слэм бәсекелерінің жеңімпазы. Ринер 2010 жылдан 2020 жылдар арасында жүз елуден астам белдесуге дейін қарсыластарын жеңіп, рекорд орнатқан спортшы.