​«Ордабасы» тағы жеңілді

0
1 048

Футболдан Қазақстан премьер лигасының 14 – тур матчтары өтті.


​«Ордабасы» тағы жеңілді

ERNUR.KZ Футболдан Қазақстан премьер лигасының 14 – тур матчтары өтті деп, хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкенттің «Ордабасы» командасы сырт алаңда «Ақтөбе» клубымен кездесті. Осы матчтан алдын «Ордабасы» ұжымында бапкер ауысып, болгариялық Георги Дерменжиевтің орнына грузиялық Кахабер Цхададзе келген болатын. Бірақ бұл өзгеріс Оңтүстік Қазақстан облысының бас командасының ұпай алуына көмек бере алмады. Осы орайда айта кетсек, Цхададзе Алматының «Қайрат» ұжымын басқарғаны жанкүйерлерге белгілі.

Кездесудің 44 – минуты «Ордабасы» футболшылары үшін сәтті келіп есепті ашқан болатын. Жамбули Джигаури мүмкіндікті мүлт жібермей атын таблоға жаздырды.

Алайда екінші таймда шымкенттіктердің қуанышы су сепкендей сейілді. 50 – минутта Маркос Пиззелли таразы басын теңестіріп, «Ақтөбе» командасының голдар шоуын бастап берді. 63 – минутта Сильва Рейналдо қонақтар қақпасына екінші голды соқты. Араға 10 минут уақыт салып, Милан Радин «Ордабасы» қақпашысын қапы қалдырып, командасына 3:1 есебіндегі жеңісті жеткізді.

Осылайша «Ордабасы» клубы қатарынан екінші матчта сәтсіздікке ұшырап ұпайсыз қалды. Егер, команда сәтсіз ойын көрсете беретін болса, премьер лигада жүлдегерлер қатарынан орын алуы екі талай. Қазір турнир кестесінде көш бастап тұрған «Астана» клубы «Ордабасыны» 21 ұпайға артта қалдырып келеді.

14 – турдың өзге нәтижелері мынадай:

«Астана» - «Ертіс» - 3:0, «Атырау» - «Тобыл» - 0:2, «Ақжайық» - «Қайрат» - 1:2, «Қайсар» - «Жетісу» - 0:0.

«Қызыл Жар» - «Шахтер» командаларының ойыны 18 маусым күні өтеді.