Сербияда өткен халықаралық спорт фестивалінде қазақстандық ауыл балалары алтын медаль жеңіп алды

0
253

Биыл бұл жарысқа 55 елден 2 500-ден астам жас спортшы қатысты.


Сербияда өткен халықаралық спорт фестивалінде қазақстандық ауыл балалары алтын медаль жеңіп алды

Сурет: Halyk қайырымдылық қоры

ERNUR.KZ. 4-14 сәуір аралығында Сербияның батысындағы Златибор аймағында ISF U15 2025 мектеп оқушыларына арналған жыл сайынғы спорт фестивалі өтті, деп жазады zakon.kz.

Биыл бұл жарысқа 55 елден 2 500-ден астам жас спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы 22 спортшымен ұсынылып, олар бокс, еркін күрес, шахмат және дзюдо спорт түрлерінде ел намысын қорғады. Олардың 12-сі - Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан Auyl Sport жобасының жеңімпаздары.

Гимназиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 11 медаль жеңіп алды. Оның ішінде бокстан 19 елдің 160 спортшысы қатысқан жарыста 52 келі салмақта Шыңғыс Макаров, 60 келі салмақта Айбек Садық және 57 келі салмақта Әлімбай Нұртас алтын медальға ие болды.

Еркін күрес жарысында да біздің спортшылар жүлдесіз қалған жоқ. Түркістан облысы Бәйдібек би ауданы Шалдар ауылының спортшысы Нұрқожа Қалыбек қола медаль иеленді.

Шахмат турнирі рапид және блиц форматтарында өтті. 17 мемлекеттен 100-ден астам спортшы қатысқан жарыста осы жобаның жүлдегерлері Нұрым Жанат пен Олтинай Алғаппарова жоғары шеберлік көрсетіп, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы марапаттарға ие болды.

"Гимназиадада алтын алу — ауылдан шыққан мен үшін баға жетпес жетістік. Бұл маған артылған сенімді ақтағанымның, ата-анам мен туған ауылымның үмітін орындағанымның белгісі. Қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Бұл жеңіс — жалғыз менің емес, мені қолдаған әр адамның жеңісі!" – дейді гимназиада алтын иеленген Шыңғыс Макаров.

Халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатқан жас спортшылар алғыс хаттармен және ақшалай сыйақылармен марапатталды:

  • алтын медаль иегерлеріне – 1 миллион теңге;
  • қола жүлдегерге – 300 мың теңге;
  • жас шахматшылардың әрқайсына 200 мың теңге.

Сурет: Halyk қайырымдылық қоры

Чемпиондарды дайындаған жаттықтырушылар да назардан тыс қалмады – олардың еңбегі де ақшалай сыйақымен бағаланды.