Жекпе-жек 19 шілдеде өтпейді.
ERNUR.KZ. Қазақстандық боксшы Фируза Шарипова (10-1, 5 КО) ресейлік Софья Очигаваға қарсы жекпе-жегінің кейінге шегерілгенін жариялады, деп жазады Prosports.kz.
Бұл туралы спортшы инстаграм желісіндегі жеке парақшасында хабарлады.
«Достар, менде нашар жаңалықтар бар! Коронавирусқа байланысты Қазан қаласындағы оқу-жаттығу жиынына уақытында бара алмайтын болдым. Сондықтан София Очигавамен жекпе-жегім кейінге қалдырылды. Өкінішке қарай, София келесі кездесуін басқа боксшымен өткізеді. Ол жайлы кейінірек айтып беремін... Маған жақын уақытта Қазанға жетуге кім көмектесе алады, жекеге жазыңыз», – деп жазды Фируза.
Бұған дейін Шарипова мен Очигава арасындағы кездесу 19 шілдеде өтетіні хабарланған.
Аталған жекпе-жек үшінші рет кейінге қалдырылып отыр. Әу баста кездесу 19 маусымда өтеді деген ақпарат шықты.
Көп ұзамай 4 шілдеге шегерілді. Тағы бірер күннен соң Бокс күні мерекесіне орай 4 шілдеден 19 шілдеге ауыстырылған болатын.
Айта кетейік, спортшы өзінің кәсіби мансабын София Очигаваға қарсы жекпе-жектен бастады. 2016 жылдың 21 мамырында Мәскеуде өткен жекпе-жекте ресейлік боксшы жеңіске жетті.