US Open турнирінің төрт дүркін жеңімпазы Рафаэль Надаль жарысқа қатысудан бас тартты.
ERNUR.KZ. 31 тамыз күні үлкен теннистен US Open турнирі басталады. Алайда, көптеген танымал спортшылар індет кезінде жарысқа қатысудан бас тартып отыр, деп жазады olympic.kz.
Атап айтар болсақ, US Open турнирінің төрт дүркін жеңімпазы Рафаэль Надаль жарысқа қатысудан бас тартты. Сондай-ақ, 2016 жылғы жеңімпаз, швейцариялық Станислас Вавринка мен оның әйгілі отандасы Роджер Федерер де турнирден сырт қалмақ.
Федерер жарақатына байланысты АҚШ-тағы жарысқа бара алмайды. Ал Вавринка коронавиурстен қауіптенеді.
Қазіргідей кезеңде АҚШ-қа барғым келмейді. Нью-Йоркте коронавирус әлі де басылған жоқ. Карантинге қатысты да сұрақтар бар. Індет кезінде жарыс ұйымдастыру көп күдік тудырады, - дейді Вавринка.
Әлемнің 9-ракеткасы Гаэль Фонфис, италиялық Фабио Фоньини, австралиялық Ник Кирьостар турнирден тыс қалмақ. Ұйымдастырушылар биылғы турнирді көрерменсіз өткізуді жоспарлап отыр.