«Үлкен дулыға» турнирінің жеребе тарту рәсімі ертең, жұма күні өтеді.
ERNUR.KZ. Аустралия ашық чемпионаты кейінге қалдырылмайды, 8 ақпан күні басталады, деп жазады ҚазАқпарат.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, «Үлкен дулыға» турнирінің жеребе тарту рәсімі бастапқыда көзделген бейсенбі емес, ертең, жұма күні өтеді.
Tennis Australia басшысы әрі Australian Open директоры Крэйг Тили теннисшілер тоқтаған Мельбурн қонақүйі күзетшілерінің бірінен коронавирус табылғаннан кейін қандай іс-шаралар қабылданатынын әңгімелеп берді.
Ковидке 500-ден астам адам тест тапсырады, соның ішінде 160 теннисші бар. Нәтижесі көп ұзамай белгілі болады. Ұйымдастырушылар жұқтыру деңгейі өте төмен болады деп есептейді.
Күзетшіден індет табылуына байланысты Мельбурнда өтіп жатқан ATP және WTA турнирлерінде бейсенбіге белгіленген матчтар кейінге қалдырылды.
WTA жарыстары 5 ақпан күні жаңа сипатта жалғасатын болады. Яғни теннисшілер толық екі сетті өткізеді. Үшіншісі қажет болған жағдайда тай-брейк түрінде 10 ұпайға дейін созылады.
ATP және ATP Cup додалары дәстүрлі түрде жалғасады.
Аустралия ашық чемпионатында Қазақстаннан жеті теннисші бақ сынайды. Әйелдер арасында Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Дияс және Ярослава Шведова, ерлерден Александр Бублик пен Михаил Кукушкин ойнайды. Оған қоса А.Бублик Андрей Голубевпен бірге жұптық сында өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Мельбурн турнирін сәтті бастағанын, Александр Бубликтің үшінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.