Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы халықаралық турнир өтіп жатыр

0
2 694

Турнирге олимпиада чемпиондары – Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев және әлем чемпионы Біржан Жақыпов келді.


Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы халықаралық турнир өтіп жатыр

Түркістан қаласында Сидней Олимпиадасының чемпионы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы бокстан XVIII халықаралық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жарыстың ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев, даңқты бапкер Тұрсынғали Еділов және өзге де азаматтар құттықтау сөз сөйледі.

Бекзаттың ата-анасы Сейілхан аға мен Сырлыкүл апа дара перзент туралы естелік айтып, жарысты ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сонымен бірге Олимпиада чемпиондары – Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев және әлем чемпионы Біржан Жақыпов бастаған азаматтар да жас спортшыларға сәттілік тіледі. Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев Бекзат батыр мәңгі ел есінде сақталатынын айтып, оған деген құрмет әрдайым жоғары болатынын жеткізді.

Сонымен, Түркістан төріндегі додаға Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан мемлекеттері мен Қазақстанның 14 облысы және 3 қаласынан командалар келді. Оларға 11 салмақ дәрежесінде жүлделер тапсырылады.

Бұл жарыста бокстан 2001-2002 жылдары туылған жастар сайысқа түсіп жатыр. Жарыс жеңімпазы атанған спортшыға «Спорт шебері» атағы беріледі.

Қазіргі таңда Түркістан облысының боксшылары Қазақстанда үздіктер қатарында тұр. Ел біріншілігінде осы өңірдің жігіттері жалпыкомандалық есепте топ жарды. Басты меже – Токио Олимпиадасынан жүлде алу.