ALEEM: ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ ойлап тапқан БІЛІМ ПЛАТФОРМАСЫ әлемді мойындатуда

0
206

Қазақстандық жастар ойлап тапқан қосымшаның қолданушылар саны күн сайын артып, әлемнің бірнеше елінде танымалдылыққа ие болып жатыр.


ALEEM: ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ ойлап тапқан БІЛІМ ПЛАТФОРМАСЫ әлемді мойындатуда

Білім технологиялары қарқынды дамып жатқан кезеңде, қазақ жастарының бастамасымен жасалған ALEEM атты білім беру платформасы әлемдік нарықта жарқ етіп көрінді. Шетелдік сарапшылар оны тіл үйрену саласында көп жылдан бері үстемдік етіп келген Duolingo-ның басты бәсекелесіне балайды. Ал қолданушылар саны күн сайын артып, әлемнің бірнеше елінде танымалдылыққа ие болып жатыр.

ALEEM – бір ғана қосымша емес, бұл – жас қазақстандықтардың білімге деген көзқарасын өзгертуді мақсат еткен заманауи жоба. Бағдарламада жасанды интеллект, адаптивті оқыту, ойын элементтері және оқу дағдысын жылдам қалыптастыруға бағытталған ғылыми әдістер біріктірілген. Жоба авторлары: Алидар Кучуков, Асылжан Алтай, Ален Алтай, Темірлан Аманжанов, Темірлан Темірбаев, Бердібек Сапарбеков, Дінмұхамед Асаинов, Айя Жұма және Амаль Садеков.



Портал оқырмандары үшін ALEEM жобасының негізін қалаушылардың бірі Алидар Кучуковпен, сондай-ақ командадағы өнім дизайнына жауапты Айя Жұмамен арнайы сұхбат жасадық.


– ALEEM жобасы қалай басталды? Идея қайдан келді?

Алидар Кучуков:
Идея біз күткеннен де ерте туды. Өзіміз де бір кезде тіл үйренуге тырысып, түрлі платформаларды пайдаланып көрдік. Бірақ бірде-біреуінде толыққанды нәтижеге жеткен жоқпыз. Сабақтар тым стандарт, мотивацияны ұстап тұру қиын, ал прогресс нақты өлшенбейтін. Сонда “неге біз өзімізге де, басқаларға да шынымен тиімді бір нәрсе жасамасқа?” деген ой келді. Әуелі шағын эксперимент ретінде бастадық. Одан кейін команда жинап, зерттеулер жүргізіп, әлемдік EdTech өнімдерінің әлсіз жақтарын талдап, нақты қажеттіліктерді анықтадық. Сөйтіп ALEEM дүниеге келді.


– Жобаны жасауда кім қандай рөл атқарды?

Алидар Кучуков:
Команда ішінде әрқайсымыздың міндетіміз нақты бөлінді. Асылжан мен Ален – машиналық оқыту және жасанды интеллект моделін құрастырды. Темірлан Аманжанов мен Темірлан Темірбаев – толық бағдарламалық архитектура мен серверлік интеграцияға жауапты болды. Бердібек пен Дінмұхамед – геймификация, интерфейс логикасы және қолданушы тәжірибесі бойынша жұмыс істеді. Ал Айя – визуал, стиль, дизайн стандарттары, қолданушының қосымшамен “эмоциялық байланысын” қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Амаль сату, маркетинг және халықаралық нарыққа шығу стратегиясын әзірледі.

Әрқайсысы – өз саласының мықты маманы.


– Айя, сіздің командадағы рөліңіз ерекше. Қандай міндеттер атқардыңыз?

Айя Жұма:
Мен негізінен өнім дизайнына жауаптымын. ALEEM-ді ашқан адамға бірінші кезекте визуал әсер етуі керек. Егер қолданушы өзін жайлы сезінсе, түсінбейтін ештеңесі болмаса, ол ұзақ уақыт оқуды жалғастырады. Сол себепті мен интерфейсті мүмкіндігінше таза, заманауи әрі эмоционалды жылы етуге тырыстым.

Тағы бір үлкен міндет – оқушының “оқу жолын” визуалды түрде дұрыс құру. Қай қадамнан кейін не болуы керек, қандай түстер мотивацияны арттырады, қай элемент прогресті айқын көрсетеді — мұның бәрі психологиялық тұрғыда талқыланды. Осының арқасында қосымша бір қарағанда қарапайым, бірақ ішінде өте терең логикасы бар өнімге айналды.


– Қосымша қалайша бірден танымал болып кетті? Құпиясы неде?

Алидар Кучуков:
Біз өнімді әзірлеу барысында бір сәтке де “тек Қазақстанға жасайық” деп ойлаған жоқпыз. Басында-ақ халықаралық аудиторияны көздедік. Контентті, интерфейсті, жүйені сол деңгейде дайындадық.

Екіншіден, біз қолданушының нақты қиналатын тұстарын таптық:
– мотивацияның тез төмендеуі;
– білімді ұзақ сақтай алмау;
– эффектсіз жаттау;
– тіл үйренудегі жүйесіздік.

ALEEM осының бәрін шешіп берді. Алғашқы қолданушылар өз нәтижелерін бөліскен сайын қосымша өздігінен таралып кетті.

«ALEEM» қосымшасының басты артықшылығы неде?

Айя Жұма:
Артықшылығы көп, бірақ ең маңыздысы – жеке оқыту траекториясы. Әр адам әртүрлі үйренеді, ал ALEEM соны ескереді.

• Біреудің есте сақтау қабілеті күшті болса, оған материалды қайталау аз беріледі.
• Біреуі сөйлеуге бейім болса, AI диалогтары көбірек ұсынылады.
• Грамматиканы баяу меңгеретіндерге арнайы жаттығулар автоматты түрде беріледі.

Жүйе адамның деңгейін дәл өлшеп отырады.

Тағы бір ерекшелік – сабақтар ойын сияқты өтеді, бірақ ойын үшін емес, оқу тиімділігін арттыру үшін.


– Бұл жолда қандай қиындықтар болды?

Алидар Кучуков:
Қиындықтар аз болған жоқ. Біріншісі – ресурс тапшылығы. Біз толыққанды AI платформасын жасаймыз деп шешкен соң, оған үлкен инфрақұрылым, сервер, күрделі модельдер керек болды. Әрбір AI функциясы ұзақ және қымбат эксперименттен өтеді.

Екінші қиындық – халықаралық нарыққа шығу. Себебі әлемдік EdTech бәсекесі өте күшті: Duolingo, Babbel, Busuu және тағы басқа алыптар бар. Бірақ біз олардан қорыққан жоқпыз — керісінше, олардың кемшілігін зерттеп, өз өнімімізді жақсарттық.

Үшіншісі – команданың тоқтамай жұмыс істеуі. Кей кезеңдерде бәріміз тәулігіне 14-16 сағат еңбек еттік.


– Инвесторлар болды ма? Әлде жобаны өздеріңіз бастады ма?

Алидар Кучуков:
Әуелде бәрін өз қаражатымызбен бастадық. Тіпті алғашқы сервер ақысын да өз қалтамыздан төледік. Кейін алғашқы нәтижелер шыға бастағанда ғана бірнеше инвестор қызығушылық танытты. Бірақ біз инвестиция алу үшін емес, өнімді дұрыс бағытта дамыту үшін ғана келісім жасадық.

Қазір халықаралық деңгейде қолдау бар, бірақ команда шешімдерінің дербестігі сақталған.


– Алдағы жоспар қандай? ALEEM қай бағытта дамиды?

Айя Жұма:
Біз ALEEM-ді тек тіл үйрететін қосымша ретінде қалдырғымыз келмейді. Болашақта:

• жеке пәндер бойынша AI курстар;
• сөйлеу тренажерлері;
• толыққанды виртуалды репетитор;
• кәсіптік дағдыларға арналған модульдер

Яғни ALEEM - болашақтың “жеке ұстазы” болуы тиіс. Әр адамның қалтасында жеке жасанды интеллект мұғалімі жүретін заманға келе жатырмыз. Біз сол бағытқа жұмыс істеп жатырмыз.


– Өздеріңіз сияқты білім мен технология жолын таңдаған жастарға қандай кеңес берер едіңіздер?

Алидар Кучуков:
Ең бастысы – батыл болу. Көп жастарда идея бар, бірақ бастауға қорқады. Нарықта “үлкендер” тұрса да, инновацияны дәл жастар жасайды. Бастысы - қадам жасау.

Айя Жұма:
Екіншіден, өзіңізге ұнайтын істі табыңыз. Біз ALEEM-ді пайда үшін емес, мәселені шешу үшін жасадық. Сол себепті шаршасақ та, қиындық болса да тоқтамадық. Егер ісіңіз жүректен шықса - жолың өзі ашылады.


Сұхбаттарыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Жәния Мейрханқызы,

ERNUR.KZ