Қызыл диплом алу үшін қандай GPA керек?
Жыл соңында студенттерді мазалайтын басты сұрақтардың бірі — "Қызыл диплом ала аламын ба?" деген ой.
Университет қабырғасында өткізген жылдардың нәтижесі, болашаққа ашылатын мүмкіндіктер, ата-ана үміті, тіпті өз-өзіңе деген сенімділік те осы бір қысқа ғана аббревиатура — GPA-ға байланысты екенін көпшілік кеш түсінеді.
GPA – бұл сіздің университеттегі оқу үлгеріміңіздің орташа көрсеткіші.
Қарапайым тілмен айтсақ – бүкіл семестрдегі және жылдар бойғы алған бағаларыңыздың орташа балы. Сол арқылы сіздің "оқуға қарап жүрсің бе, әлде жай диплом үшін жүрсің бе?" деген сұраққа нақты жауап шығады.
Ол қайдан шыққан дейсіз бе? GPA – шетелдік білім беру жүйесінен келген. Қазір Қазақстанда да барлық ЖОО осы жүйемен жұмыс істейді.
Қызыл диплом алу үшін қандай GPA керек?
Қызыл диплом алу үшін GPA кемінде 3.5 болуы керек. Тек GPA ғана емес, барлық пәндерден А немесе А- алу шарт.
Тағы бір маңызды нәрсе — пәнді қайта тапсыру, жазғы семестр – бәрі GPA-ны түсіріп жібереді.
Тағы бір студенттер жиі ұмытып кететін нәрсе: диплом жұмысы да GPA-ға кіреді.
Сондықтан "соңғы курста бәрібір диплом жазып құтылсам болды" деп қарауға болмайды. Диплом жұмысының бағасы – бірнеше кредиттен тұратын ірі пән болып есептеледі. Егер дипломнан А емес, В алсаңыз, GPA-ны күрт төмендетіп жіберуі мүмкін.
GPA-ны қалай көтереміз?
1. Сабаққа тұрақты қатысу керек
Иә, бұл ең қарапайым, бірақ ең маңызды ереже. Көп оқытушы сабаққа қатысуды есепке алады. Әрі түсінбегенді сұрауға, қатысқаныңды көрсетуге мүмкіндік болады. Zoom-да да, аудиторияда да белсенді болу — ұпай жинаудың жолы.
2. Тапсырмаларды уақытылы орында.
Сабақтан сабаққа дейінгі тапсырмалар GPA-ны көтерудің ең жеңіл жолы. Презентация, эссе, тест – барлығына салғырт қарама. "Ертең тапсырам" дегендер көбіне қызыл дипломмен емес, өкінішпен қоштасады.
3. "Универге" емес, оқуға бар.
Кейде "универге бардым – жеткілікті" деген ой келеді. Бірақ маңыздысы – неше сағат отырдың емес, не үйрендің?! Сабақ материалдарын түсініп, қайталап, жазып жүрсең, бағалар өздігінен көтеріле бастайды.
4. Мұғалімнің талабын түсін.
Бір оқытушы тек тестпен бағаласа, енді бірі курстық жұмысқа көбірек мән береді. Кейбіреуі қатысуды ғана бағалайды. Сондықтан әр пәнде мұғалімнің "бағалау саясатын" біліп алсаң – керемет тактика болады.
5. Топпен дайындал.
Жалғыз дайындалу – пайдалы, бірақ бәрін өзің түсініп үлгермей қалуың мүмкін. Ал группамен дайындалғанда, бір-біріңе түсіндіріп, ой бөлісіп, көп нәрсені жеңіл меңгеруге болады.
6. Жасанды интеллект пен онлайн ресурстарды қолдан.
Қазір YouTube-та кез келген тақырыптың түсінікті видеосы бар. ChatGPT-ден сұрасаң, конспект жазып береді, тест дайындайды, түсіндіреді. Тек ерінбей, қолдана білсең – GPA көтеріледі.
7. Сессия соңындағы қосымша мүмкіндіктерді пайдалан.
Кейбір оқытушылар семестр соңында қосымша тапсырма береді: "баяндама жаз", "кейстік жұмыс тапсыр" дегендей. Осы сәтті жіберіп алма. GPA-ны 0.3-0.4-ке дейін көтеруге мүмкіндік беретін сәттер – дәл осылар.
GPA – жай ғана сан емес. Ол сіздің болашақтағы жұмысқа орналасуыңызға, магистратураға түсуге, тіпті кейбір халықаралық бағдарламаларға қатысуға әсер етеді.
Қызыл диплом – бір күндік еңбектің емес, жылдар бойы жинақталған жүйелілік пен тәртіптің нәтижесі. Сондықтан ертең өкініп қалмас үшін, бүгіннен бастап әрекет ет. Бәрін сессияда емес, семестр бойы шешуге тырыс.
GPA-ны көтеру – қиын емес. Тек аздап күш, жоспар және өзіңе деген талап керек. Ал қызыл диплом сенің қолыңда — тек оған жетуге нақты қадам жаса!